«Халықтың табысы өсіп жатқан жоқ»: тұтынушылық несиенің пайызы арзандай ма

Қазақстанда тұтынушылық несие көлемі артып жатқан кезде кредиттің пайыздық мөлшерлемесі төмендей ме? Қаржыгерлер конгресінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл сауалға нақты жауап бермеді.
Оның айтуынша, несиеге сұраныстың өсуі, ең алдымен, халық табысының баяу өсуімен байланысты. Сүлейменовтің сөзінше, экономикада өсім байқалғанымен, халықтың нақты табысы сол деңгейде көтерілмей отыр.
«Тұрмыс деңгейін сақтау үшін азаматтар тұтынушылық несиеге жиі жүгінуге мәжбүр. Осындай жағдайда несиені күрт қатаңдату халыққа қосымша салмақ түсіреді, сондықтан реттеуші органдар теңгерімді саясат жүргізуге тырысып жатырмыз», – деді ол.
Ұлттық банк басшысы кредит алу екіжақты жауапкершілік екеніне тоқталды. Оның айтуынша, кредит аларда көрпеге қарай көсілу керек.
«Төлей алмайтын кредитті алудың қажеті жоқ. Ол өзің мен отбасыңның қаржы жағдайына кері әсер етеді», – деді Сүлейменов.
2023 жылы тұтынушылық қарыздар тәуекелін азайтуға бағытталған заң қабылданған. Сонымен қатар бас банкир тұтынушылық несие бойынша жылдық тиімді мөлшерлемені 40%-ға дейін төмендетуге қатысты шешім әзірге қабылданбағанын және тек қарастырылып жатқанын жеткізді.
«Қазір базалық мөлшерлеме де, нарықтық мөлшерлеме де көтерілді. Соның нәтижесінде шекті мөлшерлеме мен нарықтық мөлшерлеме арасындағы айырмашылық азайып отыр. Осыған байланысты бұл мәселені қайта қарап шығу қажет. Әзірге нақты қабылданған шешім жоқ, бірақ осы бағытта жұмыс істеу керек деп есептейміз, себебі тұтынушылық несие нарығы біршама қызып тұр. Сондықтан бұл жағдайда агенттік те, біз де қол қусырып отыра алмаймыз», – деді ол.
Ұлттық банк төрағасы ұзақмерзімді шешім ретінде халық табысын көтеру қажет екенін ерекше атап өтті.
«Егер жалақысы жетіп жатса, ешкім кредит алмас еді», – деді бас банкир.
Қазір кепілсіз несие мөлшерлемесі – 46%, ипотека 25 пайызбен берілсе, ал кепілмен берілетін несиеннің мөлшерлемесі 45%-ды құрайды.
2023 жылдың көктемінде қазақстандықтардың жалпы қарызы 14,9 трлн теңге болған. Бір жыл өткен соң, 2024 жылдың сәуірінде бұл көрсеткіш 19 трлн теңгеге жетіп, 22%-ға артты. Ал 2025 жылы бұл қарқын сақталып, қарыз көлесі 25 трлн трлн теңгені құрады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстандықтар азық-түлікті кредитке сатып алып жүргенін айтқан. Мұндай қарыз үлесі 25 трлн теңге борыштың шамамен 10%-на жеткен.