Жаңалықтар

Новороссийскідегі мұнай базасына шабуыл: Энергетика министрлігі мәлімдеме жасады

Фото: РБК

Қазақстанның Энергетика министрлігі Новороссийскідегі «Шесхарис» ауыстырып тиеу кешеніндегі мұнай базаларының біріне дрон шабуылы жасалғаннан кейін мәлімдеме жасады.

Ресейдің телеграм-арналары мен БАҚ-тары Новороссийскіде орналасқан және оның ішінде қазақстандық мұнай да ауыстырып тиелетін ірі «Шесхарис» мұнай ауыстырып тиеу кешеніне дрондар шабуылы жасалғанын хабарлаған еді. Атап айтқанда, мұнай базасының және кешеннің жағалау инфрақұрылымының зақымданғаны туралы мәлімет тараған.

Осыдан кейін Қазақстанның Энергетика министрлігі аталған оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде қазір Атырау – Самара және Ақтау – Махачкала жүйелері арқылы қазақстандық мұнайды қабылдау және тасымалдау қалыпты режимде, ешқандай шектеусіз жүзеге асырылып жатқаны айтылған.

«Ведомство жедел ақпарат алу үшін «Транснефть» компаниясымен байланыста. Жағдай тұрақты бақылауда», – деді министрдің кеңесшісі, Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева Kursiv.media тілшісіне берген жауабында.

Биыл ақпанда Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) қазақстандық мұнай да тасымалданатын «Кропоткинская» станциясына украиндік дрондар шабуыл жасаған болатын. Бұл мұнай тасымалының шектелуіне апарып соққан. «Кропоткинская» станциясына дрондар наурыз айында да шабуыл жасады. Біраз уақыттан кейін Украина мен Ресей КҚК нысандарына соққы жасамау туралы келісімге келгені жөнінде ақпарат тарады.

Ресейлік tasskuban порталының мәліметінше, Новороссийскіде 14 қарашаға қараған түні болған ауқымды дрон шабуылынан кейін төтенше жағдай режимі енгізілген. Қала әкімі Андрей Кравченко жедел штаб құрылғанын және шабуылдың салдарын жою үшін барлық төтенше қызметтердің жұмылдырылғанын хабарлады.