
Қазақстандағы ең ескі азаматтық ұшақтардың бірі – Як-40 типі іс жүзінде қолданыстан шығып барады. Елдің азаматтық авиациясында осы типтегі бар болғаны бір ғана әуе кемесі болса, қалғаны ұшу үшін жарамсыз деп танылған.
Көлік министрлігі мен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ (ҚАӘ) ұшақтардың техникалық жай-күйіне қатысты депутат Темір Қырықбаевтың сауалына ресми жауап берді. Жауапта ҚАӘ жүргізген талдау нәтижелері бойынша, 2025 жылдың қарашасына Қазақстанның мемлекеттік әуе тізілімінде он үш Як-40 тіркелгені жазылған.
Алайда олардың тек үшеуінде ғана жарамды ұшу сертификаты бар. Бір ұшақ («East Wing» АҚ) қана нақты пайдаланылып жүрсе, қалған 12 ұшағы планер мен қозғалтқыш ресурстары толық таусылғандықтан, ұшуға жарамсыз.
Бұл – Қазақстанның азаматтық авиациясында Як-40 дәуірінің аяқталып келе жатқанын көрсететін ең нақты дерек. ҚАӘ өзінің тексерісі барысында әуе кемелерін пайдаланушылар мен өндіруші компаниялар – «Яковлев» ЖАҚ және «Ивченко-Прогресс» МКК ресурсты ұзарту бойынша техникалық жұмыстар жүргізгенін растады. Яғни кейбір планерлер мен қозғалтқыштарға қосымша техникалық мүмкіндік берілген.
Алайда ведомство анықтап көрсеткендей, қосымша реттеушілік шешімдер қабылдаудың қажеттілігі жоқ, себебі Як-40 пайдалану қарқыны табиғи түрде төмендеп келеді. Қазақстан нарығында бұл үлгінің толықтай тоқтауы – тек уақыттың мәселесі.
Жаңарту процесі
Министрлік қазіргі трендтің айқын екенін атап өтті: отандық авиациялық операторлар санитарлық авиация мен басқа да авиациялық жұмыстарға арналған әуе кемелерін заманауи үлгілерге ауыстыра бастады. Жаңарып жатқан парк құрамында жаңа ұшақтар бар. Олар:
- L-410NG
- Pilatus PC-12
- Pilatus PC-24
- Bombardier CRJ-200
Тікұшақтар - EC145
- Ми-8АМТ
- Ка-32
Бұл модельдер халықаралық авиациялық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келеді және Қазақстандағы авиациялық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Темір Қырықбаев Як-40 әуе кемелері адам өміріне қауіп төндіруіне байланысты Қазақстан Республикасында бұл ұшақтарды одан әрі пайдалануды тоқтатуды талап еткен еді.