
Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 14,5 млн тоннаға дейін ұлғайтып, Өзбекстанмен агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Ташкентте өткен Орталық Азия және Әзербайжанның Сауда және инвестициялар министрлері кеңесінің алғашқы отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы экономикалық өсімнің негізгі драйвері саналады. Бүгінде екі ел өңірішілік сауданың 80%-ын қамтамасыз етіп отыр. Биылғы тоғыз айда өзара тауар айналымы 3,4 млрд долларды құрап, 18%-ға артқан.
Министр тараптар алдына қойылған стратегиялық міндет – өзара сауданы 10 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту екенін жеткізді. Бұл мақсатқа жету үшін дәстүрлі шикізат саудасынан бірлескен өндірістерді дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны күшейтуге және жоғары қосылған құнды экспорттық тізбектер қалыптастыруға көшу қажеттігін алға тартты.
Қазір Қазақстанда өзбек капиталы бар 2400-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның 500-ге жуығы – бірлескен компаниялар. Екіжақты инвестициялық портфель 1,7 млрд доллардан асатын 78 жобаны қамтиды, оның 13 жобасы (220,9 млн доллар) сәтті іске асырылған.
Жаңа экспорттық қоржын
Қазақстан Өзбекстанмен бірге толық өндірістік тізбектерді – бордақылау алаңдарын, ет пен сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарын және шекара маңында агрокластерлер құруды ұсынған.
Ел дәнді, бұршақ және майлы дақылдар, сондай-ақ ұн мен өсімдік майын қамтитын агроэкспорт көлемін 14,5 млн тоннаға дейін жеткізуге дайын.
Бұл бастама азық-түлік қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, бірлескен өнімді Қытай, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия нарықтарына шығару мүмкіндігін кеңейтеді.