
Қазақстан ұлттық валютасы теңге 1993 жылы айналымға енгізілгеннен бері, экономикалық тәуелсіздіктің символы әрі қаржы жүйесінің өзегі саналады.
Алайда әлемдік экономикада «тұрақты валюта» деген ұғым – салыстырмалы түсінік. Теңге де соңғы отыз екі жылда талай сынақтан өтті: Азия дағдарысы, мұнай бағасының құлдырауы, 2008 жылғы жаһандық дағдарыс, 2015 жылғы еркін бағамға көшу, пандемия және 2022 жылғы геосаяси күйзелістер. Әрбір кезең теңгенің жаңа шындығын қалыптастырды.
Kursiv.Media ұлттық валютамыздың 1993 жылдан бастап негізгі айырбас валюталары – АҚШ доллары, еуро және көрші Ресей рубліне қатысты өзгерісін қарастырады. Сонымен қатар осы уақыт аралығында теңге бағамына әсер етуші интервенциялар мен еркін айнымалы бағам тәсіліне көшу туралы да сөз болмақ.
I. Теңгенің доллармен арақатынасы: тұрақтылықтан құбылмалылыққа
1993 жылы жаңа ұлттық валюта айналымға енген кезде, 1 АҚШ долларының бағасы небәрі 5,3 теңге болды. Бұл – тәуелсіз мемлекеттің алғашқы қаржылық қадамы еді. Алайда нарықтық қатынастардың қалыптасуы, инфляцияның жоғары болуы және 1990-жылдардың экономикалық дағдарысы теңгенің әлсіреуіне алып келді.
1999 жылға қарай доллар бағамы 119,5 теңгеге, ал 2015 жылы – 221,7 теңгеге жетті.

2015 жыл Қазақстан валютасы үшін тарихи кезең болды. Сол жылы еркін айырбас бағамы режиміне көшу туралы шешім қабылданды. Бұған дейін Ұлттық банк теңгенің шамадан тыс әлсіреуін тежеу үшін интервенция жасап келген болатын. Яғни, валюталық резервтерді сату арқылы нарықтағы доллар тапшылығын толтырып, бағамды тұрақты ұстауға тырысты. Алайда бұл тәсіл ұзақ мерзімде тиімді болмай, теңге еркін айналымға жіберілді. Соның нәтижесінде 2015 жылдың соңында доллардың бағасы 342 теңгеге дейін көтеріліп кетті.
2015-2025 жылдар аралығында теңге бірнеше сыртқы күйзелістерді бастан өткерді:
- Мұнай бағасының құлдырауы (2016) – экспорттан түсетін табыс қысқарып, валюталық түсім азайды;
- Ресей рублінің әлсіреуі (2022) – санкциялар мен геосаяси тұрақсыздық теңгеге де қысым түсірді;
- Жаһандық инфляция мен доллардың күшеюі (2023-2025) – дамушы елдердің валюталары сияқты теңгені де арзандатты.
2025 жылдың 12 қарашасындағы дерек бойынша, доллардың орташа бағамы 525,1 теңге болды. Бұл – 1993 жылмен салыстырғанда 100 есе құнсызданғанын көрсетеді.
Сонымен қатар осы кезеңде долларизация деңгейі де айқын көрінді. 2014 жылы депозиттердің 70%-дан астамы шетел валютасында сақталды. Кейін Ұлттық банк дедолларизация саясатын күшейтіп, теңгедегі депозиттерге жоғары пайыз ұсыну, валюталық операцияларды шектеу сияқты шаралар қабылдады. Нәтижесінде ұлттық валютаның үлесі біршама артқанымен, халықтың доллар мен еуроға деген сенімі әлі де күшті.
II. Еуро бағамының өсуі: жаһандық факторлар және ішкі тепе-теңдік
Еуро 1999 жылы енгізілген кезде оның теңгеге шаққандағы орташа бағамы 143,3 теңге болды. 2000-жылдары Еуропалық одақтың экономикалық тұрақтылығы мен мұнай бағасының жоғары болуы, теңгенің салыстырмалы түрде тұрақты болуына мүмкіндік берді. 2010 жылға қарай еуро бағамы 195,7 теңге шамасында қалыптасты.

Бірақ 2015 жылдан бастап жағдай түбегейлі өзгерді:еркін бағам саясаты еуроға да әсер етті. 2015 жылы орташа бағам 245,8 теңге болса, 2016 жылы 378,6 теңгеге дейін өсті. Бұл кезеңде Қазақстан мен Еуропа арасындағы сауда көлемі жоғары болғандықтан, теңгенің еуроға қатысты құнсыздануы импорттық тауарлардың бағасына тікелей әсер етті.
2018-2022 жылдары еуро бағамы 400-500 теңге аралығында ауытқып отырды. Бұл – мұнай нарығындағы тұрақсыздық, геосаяси шиеленістер және пандемиядан кейінгі әлемдік экономиканың баяу қалпына келуінің нәтижесі.
2025 жылы еуроның теңгеге шаққандағы орташа бағамы 607 теңгеге жетті – бұл жаңа тарихи максимум.
III. Рубль мен теңге: көрші валюталардың байланысы
Ресей рублі теңгеге қарағанда ұзақ жылдар бойы салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, екі елдің экономикалық байланысы теңгенің де бағытына тікелей әсер етіп келді.
1999 жылы рубль бағамы 5,1 теңге болса, 2014 жылға дейін орта есеппен 4,8-5 теңге аралығында сақталды.

Бірақ 2015 жылғы Ресейдегі қаржы дағдарысы мен мұнай бағасының төмендеуі рубльдің күрт әлсіреуіне әкелді. Сол жылы оның теңгеге шаққандағы бағамы 3,6 теңгеге дейін түсті. Бұл – ең төменгі деңгей.
Кейін рубль біртіндеп қалпына келіп, 2021 жылы 7 теңгеге дейін нығайды. Алайда 2022 жылы Украинадағы оқиғалар мен Батыс санкциялары әсерінен рубль қайтадан әлсіреді.
2025 жылғы жағдай бойынша, рубльдің орташа бағамы 6,5 теңге шамасында.
Осы көрініс теңге мен рубльдің өзара тәуелділігін көрсетеді: екеуі де шикізат экспорттаушы елдердің валюталары болғандықтан, мұнай мен газ бағасының ауытқуы олардың динамикасына тікелей әсер етеді.
IV. Ұлттық банктің интервенция және дедолларизация саясаты
Теңгенің тарихы – тек нарықтық тепе-теңдіктің емес, сонымен қатар Ұлттық банктің белсенді араласуының да тарихы. 1999 жылға дейін және 2000-жылдардың басында валюта бағамы реттелетін дәліз жүйесінде болды. Ұлттық банк бағамды белгілі бір шекте ұстап тұру үшін интервенция жасады.
2015 жылға дейін интервенциялар ұлттық резервтердің едәуір бөлігін жұмсауға алып келді. Мысалы, 2014 жылы мұнай бағасы күрт төмендегенде, валюталық нарықтағы сұранысты жабу үшін бірнеше миллиард доллар сатылған болатын.
Алайда 2015 жылдан кейін еркін бағам саясаты енгізілгенімен, Ұлттық банк толық шет қалмады – ол интервенцияны тек өткір жағдайларда (мысалы, 2020 жылғы пандемия кезінде немесе 2022 жылғы рубльдің құлдырауында) қолданды.
Дедолларизация саясаты 2016 жылдан бастап жаңа деңгейге шықты. Ұлттық банк пен Үкімет:
- теңгедегі депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені арттырды;
- мемлекеттік төлемдерді тек ұлттық валютада жүргізуді міндеттеді;
- халықты теңге жинақтарына көшуге ынталандыру үшін ақпараттық науқан жүргізді.
Нәтижесінде 2020 жылдан кейін депозиттердің теңгелік үлесі 60%-дан асып, долларизация деңгейі төмендеді. Бірақ бұл үрдіс тұрақты емес: сыртқы күйзелістер кезінде халықтың шетел валютасына деген сұранысы қайта өсіп отырады.
V. Қорытынды: теңге – экономикалық бейімделудің айнасы
Теңгенің 1993-2025 жылдардағы тарихы – Қазақстан экономикасының қалыптасуы мен даму жолының көрінісі. Ұлттық валюта бірнеше дағдарысты бастан өткеріп, бірте-бірте әлемдік нарықтың толыққанды қатысушысына айналды.
Қазіргі таңда теңгенің құны бұрынғыдан әлдеқайда төмен болғанымен, оның нарықтық икемділігі мен төзімділігі артқан. Теңге енді әкімшілік жолмен емес, экономикалық заңдылықтармен қалыптасатын валюта.
Болашақта теңгенің тұрақтылығы елдің экспорттық әртараптандыруына, технологиялық жаңғыруға және қаржы жүйесінің тереңдеуіне байланысты болмақ.
Яғни, теңгенің күшеюі үшін негізгі шарт – мұнай мен шикізатқа тәуелділікті азайтып, шынайы экономикалық өсімге қол жеткізу.