Қазақстанда зумерлердің жалақысы қанша – статистика

Қазақстанда 16-24 жастағы жастардың орташа жалақысы 279,9 мың теңге. Ал басқа топтағы азаматтардың жалақысы 400 мың теңгеден асады. Мұндай талдауды Energyprom.kz жариялады.
Ұлттық статистика бюросы дерегіне сәйкес, 2025 жылы Z буыны өкілдері орташа есеппен 279,9 мың теңге табыс табады. Бұл – ең төмен көрсеткіш. Ал ең жоғары жалақыны миллениалдар алады. Бұл топқа 25-34 және 34-44 аралығындағы азаматтар кіреді. 35-44 жас аралығындағы қызметкерлердің номиналды жалақысы 455,1 мың теңгеге тең.
Ал 45-54 жас аралығындағы Х буын өкілдері жалақысы 430 мың теңге. Ал 54 жастан асқан азаматтар мен жұмыс істейтін зейнеткерлердің табысы 377,4 және 337,3 мың теңге.
Жалақының жылдық өсімі қатты байқалатын топ ішінде 35-44 жас (+14,5%) және 45-54 жастағылар (+15,3%) бар. Ең төмен динамика зейнеткерлер арасында тіркелді (+5,9%).
Алған біліміне келсек, жоғары оқу орнынан кейін магистратураны аяқтағандар да жоғары жалақы алады. Биыл олардың орташа номиналды жалақысы 672,5 мың теңгені құрады. Жоғары білімі бар қызметкерлер 497,6 мың теңге, орта білім алғандар 289,7 мың теңге алады.
2025 жылы дәл осы санаттағы қызметкерлердің табысы қалған топтарға қарағанда баяу өскен: жылына небәрі +10,5%. Ал жоғары оқу орнынан кейін, білім алуды жалғастырған мамандар табысы +20,3% өскен.
Өңірлерге келсек, 2024 жылы ең жоғары жалақы Атырау (633,3 мың теңге), Маңғыстау (580,9 мың теңге) және Ұлытау (533,6 мың теңге) облысында тіркелді. Ең төмен жалақы Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Түркістан облыстарында байқалды, бұл шамамен 293-295 мың теңге.