
Мемлекеттік еңбек инспекторлары республикадағы 400-ге жуық кәсіпорынға тексеру жүргізді. Республикалық мекемелер 9,8 мыңнан астам қызметкердің жалақысын дұрыс төлемеген. Оларға 2,3 млрд теңге қарыз болған деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
2025 жылғы 1 қарашаға дейін, мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 306 тексеру жүргізіп, 6 571 бұзушылықты анықтады. Оның ішінде:
- еңбек саласына қатысты – 5 427 бұзушылық,
- еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша – 1 111,
- халықты жұмыспен қамту саласында – 33 бұзушылық.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жалпы 40 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.
Елімізде жалақы бойынша қарыздар мен еңбек құқықтарының бұзылуы жиі анықталған кәсіпорындардың басшыларына 3 369 міндетті ұйғарым берілді. Сонымен қатар оларға 428,2 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Елде 9,7 миллионнан астам экономикалық белсенді халық бар. Бірақ олардың 3,9 млн-ы ғана ресми жалақы алады екен. Kursiv.Media зерттеуінше, орташа жалақы туралы есеп халықтың жартысына да жетпейтін тобының табысына сүйеніп жасалады. Басым бөлігі есепке кірмейді, себебі халықаралық әдіс осындай.