
2025 жылдың қазан айында Қазақстанда 20 205 жаңа автокөлік сатылды. Бұл туралы Қазақстанның Автокөлік одағы хабарлады.
Биылғы он айда елде 181 789 көлік сатылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,6 пайыз өсім көрсетіп отыр. Сарапшылар мұны нарықтағы жаңа қаржылық өнімдер мен маусымдық жеңілдіктердің әсерімен байланыстырады.
«Қазан айы ең тиімді ұсыныстар мен жеңілдіктер кезеңі екенін тағы бір дәлелдеді. 20 мыңнан астам жаңа көлік өз иесін тапты. Ең бастысы –Қазақстанда енді ғана шығарыла бастаған брендтердің үлесі айтарлықтай артты. 2025 жыл отандық авторетейл үшін рекорд жылы болмақ», – дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.
Қандай көліктер көш басында
Қазан айында Hyundai 4 264 көлік сату арқылы көш бастаған (+44,6 пайыз).
Одан кейін – Chevrolet (2 802 көлік, −55,3 пайыз) және Kia (1 901 көлік, 21,2 пайыз).
Нарықта қытай брендтерінің қарқыны күшейіп келеді:
– Changan (+136,7 пайыз),
– Jetour (+41,5 пайыз),
– Geely – тұрақты өсім көрсетіп отыр (+0,6 пайыз).
Ең көп сұранысқа ие модельдер
Сегіз ай қатарынан өзгермеген үштік: Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson, және Kia Sportage.
Одан кейінгі орындарда Chevrolet Onix, Changan CS55 Plus, және Hyundai Elantra тұр.
Жыл қорытындысы
2025 жылдың он айының нәтижесі бойынша: Hyundai – 39 959 көлік (+17,2 пайыз), Chevrolet – 25 709 (+16,6 пайыз), Kia – 19 491 (+0,1 пайыз), Jetour – 11 686 (+57,1 пайыз), Chery – 11 395 көлік (−4,7 пайыз) сатылған.
Нарық сарапшыларының пікірінше, қытай брендтерінің экспансиясы мен отандық өндірістің дамуы 2026 жылы Қазақстан автонарығының құрылымын түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның автоөнеркәсібі 2025 жылдың сегіз айында 17%-ға өскенін жазғанбыз.