«Сау боп кіріп ауру болып шықтым»: «Ауру» фильмін көргендер не деп жатыр?

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
«Ауру» фильмі премьерадан кейін цензураға ұшырады / Фото: Freedom Ticketon

13 қарашада отандық прокатқа «Ауру» фильмі шықты. Туынды – «онкологиямен ауырамын» деп халықтан өтірік ақша жинаға ерлі-зайыпты жайлы. Бұған дейін жарияланған трейлерінен кейін көпшілік асыға күткен фильм десек қателеспеспіз. Бірақ дәл премьера күні режиссері Айтөре Жолдасқали картинаның цензураға ұшырағанын, тек түнгі оннан кейін ғана көрсетілетінін айтты.

Мұның өзі де фильмге деген қызығушылықты одан әрі арттыра түсті. Барған көрермендердің бірі «миллиард касса жинайтын ғажап еңбек» десе, екіншісі «кинотеатрдан түгелдей алып тастау керек» деп жатыр.

Фильмде басты рөлді ойнаған актер Аян Өтепберген тредстегі жазбасында «Ауруды көрген соң көшеде үндемей кішкене жаяу жүру керек немесе достарыңмен көңіл көтеру керек», – деп жазған еді. Бекер емес тәрізді. Көрермендер «фильмнің өте ауыр екенін» айтады.

Көпшілік көрермен фильмде халықтың кредитке батуы, жалған сөйлеу, жалған ақпарат тарату, дүниеқоңыздық тәрізді мәселелерді көтергенін айтады. Басты рөлде ойнаған Аян Өтепберген, Ділназ Құрманғалидің актерлік шеберлігін ерекше бағалады.

«Ойына келгенді түсіруге болмайды»

Бірақ фильм шедевр деуге жарамайды, «прокаттан алып тастаса обалы жоқ» деп сынағандар да бар. Фильмде бейәдеп сөздер, зорлық, қан тым көп екеніне ренжулі. Спорт комментаторы, «Асылтас қорының» директоры Рауан Оқас тредстегі жазбасында фильмге бойкот жариялап, көрсетілімін шектеу керек дейді.

Фильм қазір барлық кинотеатрда көрсетіліп жатыр, бірақ сеанстары тек түнгі 22:00-ден кейін ғана бар. Аудиториясы 21+ деп шектелді. Соған қарамастан сұраныс өте жоғары, билеттер тез сатылып жатыр. Режиссер Айтөре Жолдасқалидің сөзінше, фильмді күндізге сеанстарға қайтару үшін тырысып жатыр. Бірақ ол үшін кейбір эпизодтарын алып тастап, цензурадан өткізуге тура келеді.

Сондай-ақ оқыңыз