Шымкенттегі апаттық жағдайдағы мектептің жыры таусылар емес

Шымкенттегі 8 жыл бұрын салынып, «апаттық жағдайда» тұрған №125 мектептің спорт залына кезекті тексеріс тағайындалды. Тексеріс ғимарат жөнделе ме, сүріле ме, соны анықтамақ.
Қайнарбұлақ тұрғын алабында орналасқан №125 мектеп 2017 жылы пайдалануға берілген. Мектеп 1200 оқушыға шақталған. 2021 жылы мектеп әкімшілігі спорт зал қауіпті жағдайда тұрғаны туралы тиісті мекемелерге хабар берген. Дегенмен арада 4 жыл өтсе де оны жөндеу, не сүру туралы нақты шешім шықпай тұр.

Бүгінде мектептің едені бұрынғыдан да шөгіп, жарылған қабырғалары үлкейген. Мектеп ішіне кіретін есік әрең ашылады. Оқушыларды мұнда кіргізбей, дене шынықтыру сабағы күн жылыда сыртта, салқындағанда сынып бөлмелерінде өтеді.

«Мектептің спорт залы тағы зерттелетін болды. Қазір 3 жақты келісімшартқа отырдық. Зерттеу демеушілердің есебінен жүреді. Мамандар ертеңнен бастап зерделеу ісін бастайды. Зерттеу 30 күн жүреді. Спорт зал сүріле ме, әлде жөндеу жүргізіле ме анықтайды» деді №125 мектеп директоры Ғазиза Әлжанова.
Бұған дейін, спорт залдың қандай күйде тұрғаны туралы жазғанбыз. Онда мектеп қызметкерлері зал едені 15 сантиметрге түсіп, қабырға жарықтары көбейгенін жеткізген.