Жаңалықтар

Алматы әкімдігі Жаңа жылға жүздеген миллион жұмсайды

Алматы қаласы жаңа жыл Республика сарайы шырша
фото: shutterstock

Алматы қаласы жаңа жылдық безендіруге бірнеше жүз миллион теңге жұмсағалы жатыр. Шығын 1 млрд теңгеден асып жығылуы мүмкін. Тапсырыстар Мемлекеттік сатып алу сайтында енді ғана жариялана бастады.

Мәселен, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы көшелерді безендіруге 178,5 млн, биіктігі 22 және 19 метрлік үш шыршаны безендіруге тағы шамамен 70 млн теңге бөлуді көздеп отыр. Ашық конкурс осы аптада жарияланды. Өтініш қабылдау 21 қарашада аяқталады.

Айта кетейік, былтыр 22 метрлік бас шырша Республика сарайы алдына орнатылған.

Бұған қоса, мегаполис аудандары да мерекелік безендіруге қыруар ақша жұмсағалы отыр. Қазірдің өзінде жаңа жылдық безендіруге Алмалы ауданы 147,5 млн, ал Түріксіб ауданы 178,5 млн теңге бөлетіні мәлім болды.

Алматыда сегіз аудан бар екенін ескерсек, Қазақстанның ең ірі қаласының Жаңа жылдық шығыны 1,5-2 млрд теңге болуы мүмкін. Басқа да аудандар әзірге тапсырыс беріп үлгерген жоқ. Қазірдің өзінде 580 млн теңгеге байқау жарияланды.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Алматы әкімдігі Жаңа жылға қала безендіруге 800 млн теңге жұмсаған еді.