Лукойлдың шетелдегі активтеріне америкалық Carlyle гиганты көз тікті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Лукойл мұнай
«Лукойлдың» Алматыдағы базасы / фото: shutterstock

Америкалық Carlyle гиганты санкцияға ұшыраған «Лукойл» компаниясының шетелдегі активтерін сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Reuters үш дереккөз мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

АҚШ пен Ұлыбританияның «қара тізіміне» кірген «Лукойл» ресейлік мұнай компаниясының Қазақстанда Теңізшевройл, Қарашығанақ, Қаламқас-Хазар ірі мұнай жобаларында үлесі бар. Бұған қоса, оның Каспий құбыр желісі консорциумында (КҚК) да ірі активі бар.

Ресейлік компания 21 қарашаға дейін шетелдегі активтерін сатуға тырысып жатыр. Осының алдында Құрама Штаттар швейцариялық Gunvor трейдеріне оларды сатып алуға тыйым салған.

Reuters дереккөздерінің айтуынша, Carlyle мұнай активтерін сатып алу мәселесіне енді ғана кіріскен. Әуелі ол АҚШ-тан рұқсат алып, содан кейін ғана кешенді тексеруді бастамақ. Дереккөздердің бірі компания бұл ниетінен бас тартуы да мүмкін екенін ескертті.

Carlyle мен «Лукойл» агенттіктің осы мәселеге қатысты сауалдарына жауап бермеген.

«Лукойл» сайтындағы мәліметке қарағанда, мұнай компаниясы Қазақстандағы бірнеше жобаға қатысады. Олар: Қарашығанақ, Теңіз және КҚК. Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ кен орнын игеруге Лукойл 1997 жылы қосылған. Дәл сол жылы ол Атыраудағы Теңіз жобасына да кірген. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ы КҚК арқылы тасымалданатын болса, консорциумның 12,5%-ы «Лукойлға» тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз