Ресейде қазақ мұнайын айдайтын Шесхарис базасына дрондар шабуылдады

Ресейдің Новороссийск қаласында Шесхарис кешеніндегі мұнай базаларының бірі дрондар шабуылынан зардап шекті. Дәл осы база арқылы жылда 6 млн тоннаға жуық қазақ мұнайы экспортталады.
Мұнай базасының шабуылға ұшырағаны туралы мәліметті Ресейдің Краснодар өңірінің шұғыл штабы 14 қарашада таңертең сағат 4:30 шамасында хабарлады. Шағын мәліметте жағалаудағы мұнай кешені де зардап шеккені айтылған. Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр
Мәліметтерге қарағанда, Новороссийскіде дрондар шабуылын тойтару кезінде қалдықтардың бірі үш көппәтерлі үйге құлаған. Бір адам ауруханаға түскен.
Әлеуметтік желілерде таралған видеода мұнай базасында айтарлықтай күшті жарылыс болғанын анық байқалып тұр.

Мұнай сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың ENERGY MONITOR телеграм-арнасының мәліметінше, жыл сайын дәл осы Шесхарис инфрақұрылымы арқылы 6 млн тоннадан астам қазақ мұнайы эскпортталады. Шикізат Атырау – Самара – Новороссийск, сонымен бірге Махачкала – Новороссийск (Махачкалаға дейін танкерлермен, темір жол цистерналарымен) мұнай құбырлары арқылы тасылады.
Reuters дерегінше, Ресейдегі мұнай базасындағы жарылыстан соң Brent маркалы мұнай шамамен 2%-ға қымбаттады.