
Егін шаруашылығын дамытуда біраз жұмыс жүргіздік. Алдағы уақытта мал шаруашылығына басымдық беруі керек. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында сөз сөйлеген Тоқаев осындай тапсырма қойды.
«Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға және асыл тұқымды мал алуға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Былтырдың өзінде осы мақсатқа 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді», – деді ол сөзінде.
Президент жолдауында мал шаруашылығының агробизнесін қолдау жоспарын әзірлеуді тапсырғанын еске салды. Мақсат – мал басын көбейтіп, Қазақстанды халықаралық нарыққа ет экспорттаушы ірі елдердің қатарына қосу.
Сонымен қатар Тоқаев ветеринария саласындағы түйткілдерге тоқталды. Оның айтуынша, саладағы жағдай көңіл көншітпейді
«Ветеринария саласындағы жағдай мәз емес екенін мойындау қажет. Ең алдымен, бұл саланы материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Мал дәрігерлерінің еңбек жағдайын жақсарту қажет, ветеринар мамандарды ынталандыру шараларын қарастырған жөн. Ветеринария саласының инфрақұрылымын күшейтуге қатысты жұмысты тиімді түрде жалғастыру керек», – деп атап өтті президент.
Күні кеше Бектенов мал шаруашылығы саласында агробизнесті қолдау мен дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын әзірлей бастағанын айтты. Кешенді жоспар жобасында мал шаруашылығының барлық бағыттарын қолдау мен дамыту шаралары көзделген.