
Тұрсынбек Қабатовпен бірге түскен фотосы үшін Меруерт Түсіпбаева дауға қалды. Арнайы бейнеүндеу жариялауға мәжбүр болды.
«Мен ешкімді жамандамаймын. Ешкімді даттамаймын. Мен өзім ажырасқан әйелмін. Даттауға құқығым да жоқ. Тұрсынбек мырзамен фото салып едім, хат жазып, мені жеп жібере жаздадыңдар. Қыздар, тіпті, не істерімді білмей қалдым», – деп ақталды Меруерт Түсіпбаева.
Әнші Мөлдір Мұқанованың фильміне барып, қолдайтынын да жасырмады.
«Мөлдірдің өзі «Тұрсынбекті жек көріп кетпеңіздерші» деп талай рет айтты. Меніңше, сіздердің жазып жатқандарыңыз қателік. Біз өнерде бірге жүрген адамдармыз. Ол маған ешқандай жамандық жасаған жоқ», – деді әнші.
Меруерт Түсіпбаеваның айтуынша, Тараздан келген достары қолқалап, Тұрсынбекпен суретке түсуді сұраған. Тұрсынбек те қарсылық білдірмеген. Сондықтан, бірге фотоға, видеоға түскен.
«Бұл не болды? Меруерт ханым, сіз екіжүзді екенсіз» деп жазбаңыздаршы. Бұл – әр адамның өзінің жеке шаруасы. Ажырасамын десе, ажырасады. Қосыламын десе, қайта қосылады. Мөлдір де, Тұрсынбек те, балалары да талантты адамдар. Сол үшін байқайықшы», – деді Меруерт Түсіпбаева.
Мұның алдында Мөлдір Мұқановаға лотерея ойнатқаны үшін 600 000 теңгеге жуық айыппұл салынғаны туралы ақпарат шықты.