
Ұйғыр ауданында шетелдің мемлекеттік туын өртеген 12 адам қамауға алынды. Бұл туралы Алматы облыстық полициясы мәлімдеген.
Tengrinews.kz ақпаратына қарағанда, 13 қараша күні Алматы облысының Ұйғыр ауданында бір топ адам заңсыз жиналған. Жергілікті полиция оларды тоқтатқан.
Олар өзге мемлекеттің туы мен шетел мемлекетінің басшысының суретін өртеген.
«Материалдарды қарау нәтижесінде сот 12 азаматты ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша 15 тәулікке дейінгі қамау түріндегі әкімшілік жазаға тартты. Сонымен қатар, алты қатысушыға 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Аталған факті бойынша «Өшпенділік тудыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген өңірлік полиция хабарламасында.
Полицияның мәлімдеуінше, мемлекеттік рәміздерге қол сұғу, сондай-ақ өшпенділік туғызуға және қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға бағытталған кез келген әрекет – заңның өрескел бұзылуы. Ол қолданыстағы заңнамаға сай қатаң түрде тоқтатылады.
Ресми мәлімет бойынша, қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Айта кететін жайт, әйелімен дауласып, өзін-өзі өртеген жігіт туралы жазған едік.