Lifestyle

«Ыстық Ұя» фильмі Қазақстан кино тарихындағы ең кассалы картиналардың бірі болды

Ыстық Ұя
«Ыстық Ұя» фильмі / фото: kursiv.media архиві

Қазақстандық актриса әрі продюсер Дариға Бадықованың «Ыстық Ұя» көркем фильмі отандық кино тарихында ең көп табыс жинаған жобалардың тізімінде екінші орынға шықты. Фильмнің жалпы табысы 1 754 600 300 теңгеге жетіп, Қазақстан бокс-офисінде тарихи көрсеткішке қол жеткізді.

Бірінші орында – Бадықованың фильмі

Тізімнің көшін Дариға Бадықованың тағы бір картинасы «Таптым-ау сені 1» бастап тұр. Фильм 1 834 702 810 теңге жинап, отандық кино индустриясында бұрын-соңды болмаған рекорд орнатқан. Осылайша, бір автордың екі фильмі қатарынан Қазақстан тарихындағы ең кассалы картиналар көшін бастады.

«Ыстық Ұя»: көрермен жүрегіне жеткен фильм

2025 жылдың 1 қазанында жарық көрген «Ыстық Ұя» бір мезетте-ақ ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Фильм көрерменді бірде күлдіріп, бірде жылатып, ең бастысы шынайылығымен баураған. Бадықованың айтуынша, бұл жетістік – тек цифр ғана емес, әр кадрға төгілген еңбек пен көрерменнің махаббатының нәтижесі.

«Бұл – Құдайдың қолдауы, команда еңбегі және көрерменнің сенімі. Ең үлкен алғыс – сіздерге», – деп жазды актриса әлеуметтік желіде.

Бадықова алдағы уақытта да көрерменге жаңа, әсерлі фильмдер ұсынатынын, шығармашылық тоқтамайтынын айтты.

«Құдай қаласа, әлі талай әдемі дүние туады», – деп бөлісті ол.

Еске сала кетейік, «Ыстық Ұя» фильмі шығар алдында Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі сұхбат беріп, актрисамен ажырасқандарын айтқан . Әлеуметтік желіде «бұл фильмнің премьерасы алдындағы PR» деген алып-қашпа әңгімелер тараған еді.