
Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындары және нақты жоспары бар инвесторларға берілу керек. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында Тоқаев осылай деп мәлімдеді.
«Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда, бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Сондықтан Жолдауда мемлекетке қайтарылған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу туралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің осы мәселеге қатысты жоспарлары қағаз жүзінде қалып қоймауы керек. Ең бастысы, жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет. Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс», – деді ол.
Президент жер телімдерінің кепілдік құнының төмендігін, кадастрлық бағалаудың нарық жағдайына сәйкес еместігін атап, бұл жүйені қайта қарауды тапсырды. Сондай-ақ келесі жылдың соңына дейін Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеуді міндеттеді.
Мемлекет басшысы жерді электронды конкурс арқылы бөлу тәртібін толық енгізу қажеттігін айтып, жер қатынастарының ашықтығын қамтамасыз ету – басты талап екенін жеткізді.
Сондай-ақ, ол табысқа жеткен әрбір кәсіпкерді өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосуға шақырды.