
Бас прокуратура iPhone иелеріне қатысты жаңа фишингтік алаяқтық түрінің белсенді таралып жатқанын ескертті.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығының мәліметінше, алаяқтар Apple компаниясы атынан жалған хабарламалар мен SMS жіберіп, азаматтарды шатастырып жатыр.
Шетелдік дереккөздердің хабарлауынша , қаскүнемдер пайдаланушыға жоғалған iPhone табылды деген мазмұндағы хабарлама жолдап, құрылғының моделі, түсі және жады көлемін көрсетеді. Хабарламада фишингтік сілтеме беріледі. Ол Apple Find My сервисінің көшірмесіне апарып, пайдаланушының Apple ID логині мен паролін ұрлауға мүмкіндік береді, – делінген ақпаратта.
Мұндай деректер қаскөйлерге құрылғыны бұғаттауды айналып өтуге, iPhone мен жеке ақпаратқа тікелей қол жеткізуге жол ашады.
Сарапшылар кеңесі
Бас прокуратурада «аталған қауіп түрі белсенді түрде тарала бастағанын» атап өтті. Осыған байланысты ведомство келесі кеңестерді ұсынды:
- күмәнді сілтемелерге өтпеу;
- жоғалған құрылғының экранында байланыс ретінде жеке электронды пошта қолдану;
- SIM-картаны PIN-кодпен қорғау;
- құрылғының орнын тек ресми icloud.com/find сервисі арқылы тексеру.
«Сақ болыңыздар, киберқауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар», –деп ескертті ведомство өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Apple 2027 жылы iPhone 20 шығаруды көздеп отырғанын жазғанбыз.