АҚШ «Теңізшевройл», КҚК мен Қарашығанаққа салынған санкцияларды алып тастады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media архиві

Вашингтон Каспий құбыр консорциумын (КҚК), «Теңізшевройлды» және Қарашығанақ кен орнын игеру жобасын санкциялар тізімінен шығарды. Ақпарат АҚШ Қаржы министрлігінің ресми сайтында жарияланды.

АҚШ Қаржы министрлігіне қарайтын Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) сайтындағы мәліметке сәйкес, лицензия Каспий құбыр консорциумы, «Теңізшевройл» және «Қарашығанақ» жобаларына қатысты «қызмет көрсетуге және өзге де транзакциялар жүргізуге» рұқсат береді. Бірақ құжат бұл компаниялардағы үлестерді сатуға немесе беруге байланысты «ешқандай транзакцияларға» рұқсат бермейді.

14 қарашада АҚШ қаржы ведомствосы ресейлік «Лукойлдың» шетелдік активтерін сату мерзімін де ұзартты. Жаңа лицензия Lukoil Neftohim Burgas, Lukoil Bulgaria, Lukoil Aviation Bulgaria және Lukoil Bulgaria Bunker компанияларымен 2026 жылғы 29 сәуірге дейін келісімшарт жасауға мүмкіндік береді.

Жыл басында АҚШ ресейлік «Газпром нефть» пен «Сургутнефтегазға», сондай-ақ олардың Қазақстандағы бөлімшелері де бар екі ондаған еншілес компаниясына санкция салғаны хабарланған болатын.

АҚШ Қазақстандағы компанияларға да шүйліккен. Атап айтқанда «Газпром Нефть» компаниясының қазақстандық еншілес кәсіпорны – «Газпром Нефть Қазақстан» (елдегі жанармай құю станциялары желісіне иелік етеді) мен «Совкомфлотпен» байланысы бар UMBRA NAVI SHIPMANAGEMENT CORP қазақстандық компаниясы назарға ілінген.

Сондай-ақ оқыңыз