Бүгін – Ұлттық валюта күні

Бүгін Қазақстанда Ұлттық валюта күні аталып өтеді. Бұл күн тек теңгенің айналымға енгізілген сәтін емес, тәуелсіз экономикалық саясаттың бастауын білдіреді.
Ұлттық валюта бір елдің қаржылық егемендігінің басты нышаны ретінде экономиканың даму кезеңдерін де, дағдарыстарын да бірге өткерді.
Теңге 1993 жылдың 15 қарашасында айналымға енді, сол кезде 1 АҚШ доллары 4,7 теңге деңгейінде бекітілді. Жаңадан тәуелсіз болған ел үшін бұл валюта инфляцияны бақылау, нарықтық қарым-қатынасты қалыптастыру және банк жүйесін тұрақтандырудың негізгі құралына айналды. Алайда 1990 жылдардың ортасында посткеңестік кеңістіктегі экономикалық түйткілдер мен өндірістің құлдырауы теңгенің әлсіреуіне әсер етті.
1999 жылғы еркін айырбастау бағамына көшу шешімінен кейін доллар 88 теңгеден 130 теңгеге дейін қымбаттап, ұлттық валюта алғаш рет күрт девальвацияны бастан өткерді.
2000 жылдарға қарай мұнай бағасының өсуі, инвестициялардың артуы және экспорттың кеңеюі теңгені қайта күшейтті.
2006-2007 жылдары ұлттық валюта біршама нығайып, доллар шамамен 120 теңге шамасында тұрақтады. Бірақ 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы Қазақстан экономикасына да әсер етіп, теңге қайта құнсыздана бастады.
2009 жылғы девальвация нәтижесінде доллар бағамы бірден 150 теңгеге көтерілді.
2010 жылдан кейінгі құнсызданулар және себептері
2014 жыл ұлттық валюта үшін ең күрделі кезеңдердің бірі болды – мұнай бағасының құлдырауы, Ресей рублінің әлсіреуі және сыртқы нарықтағы тұрақсыздық теңгенің тағы да құнсыздануына алып келді. Сол жылы доллар 185 теңгеге дейін көтерілді.
2015 жылғы еркін айырбастауға толық көшу шешімі девальвацияны тереңдете түсті: бірнеше ай ішінде доллар 300 теңгеден асып, теңге жаңа тарихи төмен деңгейге түсті.
2016-2020 жылдар аралығында геосаяси тәуекелдер, мұнай нарығындағы құбылмалылық және әлемдік инвесторлардың дамушы елдер валютасына деген қызығушылығының төмендеуі теңгенің тұрақсыздығына ықпал етті.
2020 жылғы пандемия кезеңінде доллар 440 теңгеден асты.
Кейінгі жылдары теңге бағамына әсер ететін факторлар өзгерген жоқ: мұнай бағасы, инфляция деңгейі, сыртқы қарыз, геосаяси шиеленістер, сонымен қатар ішкі монетарлық саясаттың тиімділігі. Кей жылдары Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру арқылы теңгені қолдап отырса, кей кезеңде сыртқы факторлар басым түсіп, ұлттық валюта әлсіреді.
2023-2025 жылдар аралығында да доллар бағамы 450–500 теңге дәлізінде құбылып келеді. Бұл кезеңдегі негізгі себептер – әлемдік қаржы нарықтарындағы белгісіздік, Орталық Азиядағы сауда ағындарының өзгеруі және АҚШ-тың пайыздық саясаты.
Қазір бір доллардың құны 520 теңгеден асады. 14 қарашадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамы 522,77 теңгені (күніне -1,34 теңге) құрады.