Health

Саяхат кезінде жолға қандай дәрі-дәрмекті ала жүрген дұрыс

Фото: kursiv.media архиві

Табиғатқа немесе шетелге саяхатқа шығудың өзі бас ауруы немесе тамақтан улану сияқты жағымсыз жағдайларға апарып соғуы мүмкін. Ал саяхат кезінде қажетті дәріні табу кейде нағыз сынаққа айналады: кезекші дәріхана көрші елді мекенде орналасады, бірқатар дәрілер тек рецептпен беріледі, ал олардың атаулары мен дозалары бізге әдеттегідей жаға бермейді.

Сондықтан өз қажеттілігіңізге лайық дәрі қобдишасын алдын ала жинап алу – өте дұрыс шешім. Ол көп орын алмайды, бірақ күтпеген қолайсыз жайттардан қорғайды. Төменде өзіңізбен бірге алуға шынымен де тұрарлық заттардың толық тізімі берілген.

Жолға арналған дәрі қобдишасын жинаудың негізгі қағидалары

Маршрут пен сапардың ұзақтығын ескеріңіз. Қысқа сапарға (2–3 күн) минималды жиынтық жеткілікті: ауырсынуды басатын, аллергияға қарсы дәрілер, асқазан-ішек жолы бұзылғанда қолданылатын құралдар және антисептик сіңірілген сулықтар. Ал алыс сапарға көздің құрғауына және ұйқысыздыққа қарсы дәрілерді қамтитын кеңейтілген жиынтық жинаған дұрыс. Маршрут бірнеше күнге созылып, елсіз жерлермен өтсе және алғашқы белгілерде дәріхана табу қиын болса, түрлі жағдайларға арналған дәрілерді көбірек алған жөн.

Жарамдылық мерзімдерін тексеріңіз. Сапар алдында барлық дәрілерді қарап шығыңыз: мерзімі өткендерін тастаңыз. Егер жарамдылық мерзімі дұрыс болса да, дәрінің түсі, иісі өзгерген немесе түсініксіз шөгінді пайда болған болса – ол бұзылған, ауыстыру қажет.

Тасымалдау ережелерін сақтаңыз. Ұшақта сұйық дәрілер (гельдер, сироптар) 100 мл-ден аспайтын құтыда болу керек. Күшті ауырсынуды басатын және психотроптық дәрілер тек рецептпен және ағылшын тіліндегі аудармасымен тасымалданады. Сынап термометрлері тек жолаушы багажында арнайы қаптамада тасымалданады. Әуе компаниясының және әуежайдың нақты талаптарымен алдын ала танысып алыңыз — ережелер әртүрлі болуы мүмкін.

Кейбір дәрілер Қазақстанда рұқсат етілгенімен, басқа елдерде тыйым салынған болуы мүмкін. Мысалы, көптеген Еуропа елдеріне нимесулидпен кіргізбейді, ал Австралияға стероидты дәрілермен кіруге рұқсат жоқ. Психотроптық дәрілерге ерекше назар аударыңыз (егер оларды тұрақты қабылдасаңыз) – кейбірі басқа мемлекеттерде тыйым салынған.

Күнделікті қабылдайтын дәрілерді қайталап алыңыз. Егер сіз белгілі бір дәрілерді тұрақты ішсеңіз, рейс кешігіп қалса немесе багаж жоғалса деген жағдайға қосымша дозасын алыңыз.

Ыңғайлы жинаңыз. Ел ішінде сапар кезінде таблетница қолдануға ыңғайлы. Халықаралық сапарларда дәрілерді түпнұсқа қаптамада сақтаңыз және мөлдір zip-пакеттерге немесе пластик контейнерлерге салған дұрыс.

Дәрі қобдишасындағы ең кемі не болуы керек

Бұл әмбебап құралдар жағдайлардың 90 пайызында қажет болады:

Ауырсынуды және қызуды басатын дәрілер. Парацетамол немесе ибупрофен бас, тіс, бұлшықет, етеккір ауыруында және температура көтерілгенде көмектеседі. Балаларға арналған сироп немесе шамдарын (жасына сай) алыңыз. Нимесулид, аспирин, анальгин қолданбаңыз – ауыр жанама әсерлері бар.

Жара, кесік, сызаттарға арналған антисептиктер. Хлоргексидин немесе повидон-йод ағынды су жоқ жерлерде жараны дезинфекциялауға жарайды. Егер жара терең емес болса және сумен шаюға мүмкіндік болса, антисептик қолданбауға да болады: суды құйып жуып, айналасын сабындап, таза салфеткамен құрғату жеткілікті. Сонымен қатар қол мен бетті өңдеуге арналған антисептикалық сулықтарды алыңыз.

– Антибиотик жақпа. Бацитрацин немесе неомицин қосылған жақпа терең жара, кесік, сызат немесе қабыну белгілері (қызару, ісіну, ірің) пайда болғанда қажет.

– Таңғыш материалдар. Стерильді салфеткалар, қарапайым және эластикалық бинт, түрлі өлшемдегі пластыри міндетті түрде керек.

– Күйікке қарсы құралдар. Пантенолдың көбік немесе гель түрі термиялық және күн күйіктеріне жақсы көмектеседі. Тау шаңғысы курорттары немесе ыстық елдерге барсаңыз, күннен қорғайтын крем де алыңыз.

– Аллергияға қарсы дәрілер. Бейтаныс тағам, экзотикалық жәндіктердің шағуы немесе өсімдік тозаңы аллергия тудыруы мүмкін. Цетиризин немесе дезлоратадин негізіндегі дәрілерді, балаларға – тамшылар түрін алыңыз.

– Регидратациялық ерітінділер. Саяхатта жиі кездесетін «саяхатшы диареясында» (іш өту, құсу, түйілу) ағзаның сусыздануын болдырмау үшін қажет. Балаларға алма шырынын судың 1:1 қатынасында араластырып беруге болады.

– Тамыр тарылтатын тамшылар. Мұрын бітелгенде және тұмауда көмектеседі.
Қолданар алдында мұрынды тұзды ерітіндімен шайып алған жақсы.

Градусник. Температураны нақты өлшеу үшін қажет. Электронды термометрлерді таңдаңыз және батарейкасын тексеріңіз. Созылмалы ауруыңыз болса, тұрақты қабылдайтын немесе өршу кезінде қолданатын дәрілерді міндетті түрде алыңыз. Рецепт пен дозировка көрсетілген медициналық жазбаны да ұмытпаңыз.

Терапевтпен алдын ала кеңесіп, күнделікті дәрілердің жолға алатындармен үйлесетінін тексеріңіз.

Қосымша алуға болатын дәрілер

Құсу және бас айналуына қарсы

Тау жолдары немесе биіктік айырмасына сезімтал адамдарға дименгидринат негізіндегі препараттар («Драмина») көмектеседі.

Тамақ ауырғанда

Қарапайым леденецтер сілекей бөлінуін арттырып, тамақты ылғалдандырады.
Қосымша «Аджисепт», «Стрепсилс» сияқты жергілікті антисептик не анестетик қосылған пастилкаларды алуға болады.

Жәндік шағуына қарсы

Қорғану үшін репелленттер, шағудан кейін – каламин лосьоны қажет.

Іш қатуға қарсы

Саяхаттағы рацион өзгерісі жиі іш қатуға әкеледі.
Алдын алу: талшықты тағам, қозғалыс, су ішу.
Қосымша – макрогол негізіндегі осмотикалық іш жүргізгіштер («Форлакс»).

Джетлагтан

Уақыт белдеуін тез ауыстырғанда болған ұйқы бұзылысын мелатонин жеңілдетеді.

Көзге арналған құралдар

Ұзақ ұшу немесе кондиционер салдарынан құрғағанда «жасанды жас» тамшылары («Систейн-Ультра», «Хилопарин-комод») көмектеседі. Ұзақ жорыққа – антибиотик тамшылар («Ципромед», «Тобрекс»).

Құлаққа арналған тамшылар

Отит кезіндегі ауырсынуды «Отипакс», «Лоротокс» сияқты лидокаин қосылған тамшылар жеңілдетеді.

Сапарға дәрі қобдишасы не үшін керек?

Жол үстінде дәрі қобдишасы созылмалы аурулардың ремиссиясын сақтауға және қажет болған жағдайда алғашқы көмек көрсетуге қажет. Егер «қызыл жалаушалар» – қауіпті белгілер пайда болса, өзіңізді емдемей, тез арада дәрігерге көрініңіз – тіпті онлайн-кеңес те жарайды.