Тоқаев пен Мирзиёев қандай келісімге келді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында екі елдің арасында 1 миллиардтан аса сомаға бірлескен жобалар бойынша тың келісімдер жасалды.

Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысқан. Жиынның күн тәртібінде екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су-энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы қонақжайлығы үшін Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, сапарының басты мақсаты – қос халықтың достығын нығайтып, тату көршілік байланыстарын күшейту, сондай-ақ түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастықты дамыту екеніне назар аударған.

«Құрметті Шавкат Миромонович, өзіңіздің қажырлы еңбегіңіздің арқасында еліңізде көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамалар қолға алынды. Өзбекстан – біз үшін туыстас, ағайын ел, тату көрші әрі сенімді серіктес. Қос ел арасындағы достықтың тамыры терең, халықтарымыздың рухани құндылықтары ортақ деуге болады. Қазақ-өзбек қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатыр, – деді мемлекет басшысы.

Президент халықаралық ахуал аумалы-төкпелі кезеңде сан қырлы ықпалдастықтың даму қарқынын арттыру қажет екенін атап өткен.

Жаңа бағыттар

Мемлекет басшысы Өзбекстан президентімен келіссөз барысында саяси және экономикалық байланыстарды жандандыра түсетін жаңа бағыттар айқындалғанын жеткізген. Өзара ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалануды құптаймыз деген. Сондықтан осы бағытта табанды еңбек етуге дайын екенін айтқан.

Фото: Ақорда

«Ең әуелі, сауда-экономика саласына ерекше мән беру керек. Сауда-саттықты дамыту үшін өсімнің тың мүмкіндіктерін іздеу, тауарлар номенклатурасын кеңейту және шикізаттық емес экспортты ынталандыру шараларын қабылдау қажет. Осы орайда Өзара тауар айналымын арттыру бағдарламасын сапалы жүзеге асыру маңызды. Бүгін құрылатын Өңір басшылары кеңесін, сондай-ақ Іскерлік кеңес пен «UzKazTrade» бірлескен сауда компаниясы секілді басқа да екіжақты механизмдердің жұмысынан нақты нәтиже күтеміз, – деді Қазақстан президенті.

Бұған қоса президент өнеркәсіп кооперациясына үлкен үміт артады. Қазіргі кезде жалпы сомасы бір жарым млрд доллардан (1,7 млрд доллар) асатын 78 бірлескен жоба бар. Оның аясында 15 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Аталған жобалар толық іске асса, экономикалық және инвестициялық ықпалдастығымыз айтарлықтай күшейеді.

«Бүгін біз олардың бір парасын іске қосамыз. Қазақстанның Өзбекстанға салатын инвестициясын одан әрі ынталандыруға ниеттіміз. Бұл ретте өзбек достарымыздан әдеттегідей қолдау күтеміз. Құрылысы жүріп жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы индустриалдық қуатымызды одан әрі арттыруда маңызды рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы серіктестік перспективті бағыттың бірі саналады. Ол жаңадан құрылатын Жұмыс тобынан барлық аспектіні мұқият зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға қатысты ұсыныс беруді сұрады. Сонымен қатар мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты кеңейтудің стратегиялық сипатына тоқталды.

Атап айтқанда, тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік кедергілерді азайту шаралары қабылданып, шекара маңы инфрақұрылымын дамыту және өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары қолға алынған.

Мирзиёев не деді

Өзбекстан президенті екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде Жоғары мемлекетаралық кеңес маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Екі елдің қарым-қатынастары стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жоғары деңгейіне көтерілгенін айтқан.

Фото: Ақорда

«Оның негізінде берік сенім, бауырлас халықтарымыздың арасындағы тату көршілік және шынайы достық жатыр. Былтыр құрылған Жоғары мемлекетаралық кеңес өзектілігі мен тиімділігін көрсетті. Бүгін екінші отырыста біз өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын және зор әлеуетіміздің тың мүмкіндерін танытудың жолдарын жан-жақты талқылаймыз. Сан қырлы серіктестігімізді кеңейтуге айтарлықтай серпін беретін шешімдер қабылдаймыз. Қазіргі алмағайып кезеңде елдеріміздің және тұтас аймақтың экономикалық конъюнктурасына оң әсер ететін тығыз және проактивті ықпалдастық ерекше мәнге ие, – деді Шавкат Мирзиёев.

Жаңа келісімдер

Тоқаев пен Мирзиёев видеобайланыс арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларын іске қосу рәсіміне қатысты. Тараптар өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 млрд доллар болатын 7 жоба әзірлеген.

Мемлекеттер басшылары символикалық түймені басып, бірнеше жобаны бастап берді. Атап айтқанда, Сырдария және Түркістан облыстарында «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы, Ташкентте «Tenge Bank» бас кеңсесі қызметіне кірісті.

Сондай-ақ Ташкент облысында көпбейінді логистика орталығының, жаңа Ташкентте «Астана» тұрғын үй орамының, Қашқадария облысында алкилбензол өндіретін мұнай-газ химиясы кешенінің, жаңа Ташкентте «Астана» қонақ үйінің, ал елордамызда «Ташкент» қонақ үйінің құрылысы басталды.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Ташкентке барып, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен келіссөз жүргізгенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз