Жаңалықтар

Тоқаев Ташкентке барып, Мирзиёевпен келіссөз жүргізді

Токаев и Мирзиёев
Тоқаев пен Мирзиёев / Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен келіссөз жүргізді.

Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Ташкентке мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және дәстүрлі қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірген. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі дамыту перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.

Президенттер сауда, өнеркәсіп кооперациясы, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары секілді басым бағыттардағы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін қарастырды.

Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапармен барып отыр.

Осыдан екі күн бұрын Тоқаев мемлекеттік сапармен Ресейде болған еді. Путинмен жүздесіп, келесі жылы оны Қазақстанға шақырған.