Жаңалықтар

БҚО-да жол апатынан 8 адам қайтыс болды

фото: ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында трассада екі автокөлік бетпе-бет соқтығысып, 8 адам қайтыс болды. Төртеуі жарақат алды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Чапай – Жаңақала – Сайқын автожолының 50-шақырымында Toyota Camry мен Volkswagen Sharan көліктері бетпе-бет соқтығысып, содан кейін олардың біреуі өртеніп кетті. Оқиға салдарынан сегіз адам оқиға орнында қаза болды, тағы төртеуі ауруханаға жеткізілді», – деді ведомство өкілі.

Алдын ала деректер бойынша, жүргізушілердің бірі қарсы бағытқа шығып кетуі мүмкін.

«Ауа райы мен жолдың жағдайы қанағаттанарлық болды. Көріну жақсы, қозғалысқа кедергі келтіретін сыртқы тосқауылдар анықталған жоқ. Оқиға орнында полиция қызметкерлері, жедел-тергеу тобы және ТЖД бөлімшелері жұмыс істеп жатыр», – деп мәлімдеді полиция.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

4 қарашада Өскемен-Риддер тас жолында апат болып, бес адам қайтыс болған еді.

Жыл басынан бері 9 ай ішінде елде 26 127 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 35,4%-ға көп.