Бурак Озчивитті шақырып тұрып ашқан жобасынан Rams өзі кетпекші

40 қабатты Rams Beyond жобасының бас мердігері болған RAMS QAZAQSTAN енді құрылысқа қатыспайды. Компания ресми түрде жобадан шығатынын мәлімдеді.
«RAMS QAZAQSTAN компаниясы 2025 жылғы қыркүйектен бастап жұртшылыққа және бұқаралық ақпарат құралдарына Бас мердігер ретінде BEYOND ALMATY жобасын іске асыру бойынша қатысушылар құрамынан шығу туралы шешім қабылдағаны туралы хабарлайды», – деп жазылған компания мәлімдемесінде.
Бірақ компанияның Алматыдағы басқа жобалары жалғаса береді.
«Біз нарыққа сапалы, сондай-ақ қауіпсіз тұрғын және коммерциялық нысандарды ұсына отырып, Алматының болашағына инвестиция құюды жалғастырамыз», – дейді компания өкілдері.
Ашылуында 40 қабатты Rams Beyond-ты Алматыдағы ең биік ғимарат болады деп таныстырған. Тұсаукесеріне әйгілі түрік актері Бурак Озчивит келген. Бірақ күзде депутаттар құрылыс заңсыз салынып жатқанын айтып, оны жалғастыруға қарсы болды. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев 40 қабатты ғимараттың құрылысына толық тыйым салуды талап еткен.
Алматылықтар ғимараттың бой көтеруіне қарсы болып, петиция да жариялады. Тұрғындар көпқабатты мұнараның орнына саябақ салу керек деп есептейді.
BEYOND ALMATY кешенінің құрылысы толық тоқтай ма, әлде хабарлама Rams компаниясының жобадан шығатынын ғана білдіре ме, ол жағы әзірге белгісіз. Компания мұны ашып айтпады. Алматы әкімдігі аталған жайтқа қатысты пікір білдімейтінін жеткізді.
8 қазанда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құрылыс тоқтауы мүмкін деп мәлімдеген.