Жаңалықтар

Елдегі ең ірі үш қаланың фермерлері мемлекет көмегінен қағылып отыр

Фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тиісті жері болмағандықтан, ауылдағы фермерлер алатын көмекті ала алмайды. Аталған мәселені реттеу үшін тиісті нормативтік құқықтық актінің арнайы жобасы әзірленіп жатыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары өндірістің барлық кезеңін қамтитынын айтты. Оның мәліметінше, аграрлық сектордың тұрақты дамуына қажетті тетіктер қалыптасқан.

Сонымен қатар субсидия тек жері бар фермерлерге, яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін иеленушілер мен жер пайдаланушыларға беріледі.

«Республикалық маңызы бар қалалар аумағында қызметін жүргізетін фермерлер қазір субсидия ала алмайды. Астана, Алматы және Шымкент қалалары аумағында орналасқан шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау аясын кеңейту және аталған өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында елдімекен жерлерінің нысаналы мақсатын сақтай отырып субсидия алу мүмкіндігін көздейтін өзгерістер енгізуге бастама жасалған. Тиісті нормативтік құқықтық актінің жобасы қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өтіп жатыр. Қоғамдық кеңесте және аккредиттелген кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерінде қаралуда, сондай-ақ ашық нормативтік құқықтық актілер порталында көпшіліктің талқылауына орналастырылған», – делінген жауапта.

Аталған рәсімдер аяқталған соң, уәкілетті орган белгіленген тәртіппен шешім қабылдайды. Бұл нормативтік құқықтық актінің қабылдануы Астана, Алматы және Шымкент қалаларының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне басқа өңірлердің диқандарымен тең дәрежеде мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Әлішер Сатыбалдиев бастаған бір топ сенатор Астана, Алматы, Шымкент қалалары аумағындағы ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлерді арнайы санат ретінде бекіту қажет деп мәселе көтерген еді. Бұл өзгеріс жерлердің кадастрлық коды мен нақты пайдаланылуын сәйкестендіріп, аталған қалалардың шетіндегі фермерлік шаруашылықтарды субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.