Жаңалықтар

Енді еңбек шартын азаматтық келісіммен алмастыруға тыйым салынады

Фото: kursiv.media архиві

Қазір көптеген компания азаматтармен АҚС шарттары негізінде жұмыс істейді. Енді жұмыс берушілер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды (АҚС) еңбек шартының орнына пайдалана алмайды.

Бұл норма Еңбек және Әлеуметтік кодекске енгізілетін түзетулер жобасында қарастырылған. Аталмыш түзетулер 19 қарашада Мәжілістің пленарлық отырысында бірінші оқылымда қаралады.

Еңбек кодексіндегі өзгерістер жалақы төлеу тәртібі мен келісім комиссияларының жұмысын жетілдіруді, сондай-ақ еңбек қызметінің белгілері бар жағдайда азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар жасасуға тыйым салуды көздеп отыр.

АҚС шарттар бойынша істейтін қызметкерлер нақты бір жұмыс не қызметті атқарғаны үшін ақы алады. Бірақ оларда еңбек демалысы мен денсаулығына байланысты төлем алу құқығы болмайды.

Сонымен қатар жаңа өзгерістерге сәйкес, жұмыс істемейтін әкенің кішкентай балаға қараған уақыты еңбек өтіліне есептеледі. Бұл кезең кейін зейнетақы тағайындағанда ескерілмек.

Ал «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізілетін түзетулер өндірістік жарақаттың ауырлық деңгейін анықтау тәртібін нақтылайды.