Геннадий Головкин жекпе-жек өткізетінін мәлімдеді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Геннадий Головкин World Boxing президенттігіне өз кандидатурасын ұсынды / Фото: Instagram Геннадий Головкин

Соңғы жылдары спорттық мансабын аяқтап, басшылық қызметке ден қойған 43 жастағы Геннадий Головкиннің кәсіби рингтен толық қол үзбегені белгілі болды. Аңызға айналған боксшы тағы бір жекпе-жек өткізу ойы барын мәлімдеді.

Бұл жөнінде GGG Азиялық әуесқой бокс федерациясының (Asia Boxing) президентінің міндетін атқарушы Пичаи Чунхаваджиримен кездесуде айтты. Пичаи мырза Головкиннің Youtube-тағы жекпе-жектерін жиі көретінін, оның бокстағы орнын жоғары бағалайтынын және алдағы World Boxing халықаралық федерациясы президентін сайлауда қазақстандық спортшыны қолдайтынын атап өтті.

Өз кезегінде Геннадий Головкин боксқа деген махаббаты әлі де сөнбегенін жеткізді.

Бокс – менің өмірім. Әрқашан аянбай еңбек еттім. Иә, қазір 43 жастамын және әлі де жаттығып жүрмін. Тағы бір жекпе-жекті Қазақстанда ұйымдастырғым келеді, — деді GGG.

Айта кетейік, Головкиннің соңғы кәсіби жекпе-жегі 2022 жылдың 17 қыркүйегінде АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтті. Ол кезде қазақстандық боксшы мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен үшінші мәрте кездесіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіліс тапқан еді.

Бұған дейін Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті қызметіне кандидат болуға ниетті екенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз