Жаңалықтар

Ер адам 740 теңге үшін екі жарым жылға сотталған

Ер адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған/фото: shutterstock

Ер адам танысының үйінен 740 теңге алуға оқталды деген айыппен екі жарым жылға сотталған. Оған бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Сондай-ақ 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылған.

Бұл істі қараған кассациялық сот үкімнің заңсыз екенін анықтады.

«Іс материалдарына сәйкес, ер адам ақша ұрлау мақсатында тұрғын үйге заңсыз кірген, алайда сол жерде ұсталған. Бірінші сатыдағы сот оның ірі мөлшерде ақша не белгілі бір мүлікті ұрлау ниеті болғанын дәлелдейтін жеткілікті уәж келтірмеген», – делінген ақпаратта.

Сотталған ер адам танысынан 500 теңге қарыз алуға келгенін, есік жабық болғандықтан итеріп ашқанын айтқан. Әрі қарай ас-үйге кіріп, танысының бұрын ақша салғанын көрген шкафтың тартпасына жақындаған. Ол ұрламақ болды делінген сома 740 теңгені құраған, ақша шкаф тартпасында жатқан.

Қылмыстық кодекске сәйкес, 2 АЕК-тен (2022 жылы – 6 126 теңге) аспайтын соманы алу қылмыстық теріс қылық саналады. Ал қылмыстық теріс қылыққа оқталу әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған.

Кассациялық сот айыптау үкімін жойып, С.-ға қатысты қылмыстық істі тоқтатты.

Айта кетейік, 1 шілдеде Астанада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот жұмысын бастады. Бір айда кассациялық сотқа 5 мыңға жуық арыз-шағым түскен.