Жаңалықтар

«Басқа сот қарауы керек еді…»: заңгер Арман Дүйсеновтің отбасына қатысты іс туралы

Заңгер Мейірман Шекеев композитор Арман Дүйсеновтің отбасының ісін қолға алды/коллаж kursiv.media/бильд-редактор Ахтам Зиперов

Заңгер Мейірман Шекеев композитор Арман Дүйсеновтің отбасының ісін қолға алды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Әуелі жолдасы Арманның, одан кейін баласы Абылайдың қазасы… Енді сот қалған отбасы мүшелерін үйден шығару туралы шешімде шығарған. Маған ұсынылған құжаттарды зерделеп, бұл істің көлеңке жақтары өте көп екенін аңғардым», – деп жазды Шекеев.

Айтуынша, бұл істі Бостандық ауданының азаматтық істер жөніндегі соты емес, кәмелетке толмағандар жөніндегі сот қарауға тиіс. Себебі отбасының 13 жастағы ұлы бар.

«Арманның аруағының разылығы үшін, бірлікте болып, Әділдікке бірге жетейік. Істі өз өндірісіме алдым», – деп жазды ол.

Мейірман Шекеев бұған дейін Шерзат Полаттың қазасынан кейін қозғалған шулы істе жәбірленуші тараптың адвокаты болған.

Айта кетейік, бұған дейін марқұм Арман Дүйсеновтің әйелі Айсұлу Айданқызы сұхбат беріп, отбасының пәтерінен айырылып қалуы мүмкін екенін айтты.

Пәтердің құны – 140 млн теңге. Ал марқұм ұлының досы үйге 65 млн теңге салғанын айтып, сотқа жүгінген. Сот пәтерді босату туралы шешім шығарған.

«Бұл пәтерден басқа баспанам жоқ. Зағип әкем, 13 жастағы ұлым бар. Абылай қайтыс болғаннан кейін денсаулығым сыр берді, жұмыс істемеймін. Бұрынғыдай арқа сүйер азаматым жоқ. Баратын жерім жоқ», – дейді ол.

Арман Дүйсеновтің әйелі сот шешіміне байланысты президенттен көмек сұрады. Ол пәтерді босату туралы сот шешімінің заңсыз екенін айтып, әділ шешім шығаруға ықпал етуін сұрап отыр.

Арман Дүйсеновті 66 миллионға алдап кетті | Айсұлу Айданқызы - TALK LIKE

Сондай-ақ ұлы Абылай Арманұлының жұмбақ жағдайда қайтыс болғанын айтып, тергеудің бір орнынан жылжымай тұрғанын жеткізді.

Бұл жағдайға Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова да пікір білдірді. Айтуынша, қала әкімдігіне хабарласып, қандай да бір көмек көрсету жолдарын сұрастырған.