Жаңалықтар

Елде жалпы практика дәрігерінің жұмыс кестесі өзгерді

Жалпы практика дәрігері екі сағатын құжат рәсімдеуге арнайды/фото: shutterstock

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық-санитариялық алғашқы көмектің жаңартылған стандартын бекітті.

Басты өзгерістің бірі – жалпы практика дәрігерінің жұмыс күнінің өзгеруі.

«Жалпы практика дәрігері қазір 8 сағат жұмыс істейді. Оның ішінде 6 сағаты пациент қабылдауға, 2 сағаты құжат рәсімдеу және жоспарлы сапарларға жұмсалады», – делінген ақпаратта.

Науқасты қанша уақыт қабылдайды?

Құжатқа сәйкес, дәрігер науқасты қанша уақыт қабылдайды:

  • пациенттің жүгінуі бойынша (жоспардан тыс қабылдау) – 15 минут;
  • жоспарлы қабылдау – 10 минут;
  • профилактикалық қарап-тексеру – 10 минут;
  • динамикалық бақылау қажет созылмалы аурулары бар пациенттерге мотивациялық кеңес беру – кемінде 30 минут.

Министрлік бұл режим науқастарды қабылдау сапасын арттыруға және дәрігерлерге артылған жүктемені азайтуға мүмкіндік береді деп мәлімдеді.

Сондай-ақ 2027 жылға қарай барлық медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары жалпы практика қағидаттарына көшеді. Терапевттер мен педиатрлар мобильді және мультидисциплиналық топтардың құрамына кіретін бейінді мамандар ретінде жұмыс істейді.

Министрліктің хабарлауынша, кейінгі жеті жылда медицина қызметкерлерінің жалақысы өскен. Жалпы медициналық персоналдың орташа жалақысы шамамен 2,5 есе, ал дәрігерлердің жалақысы 2,8 есе – 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін көбейген.