Жұмыссыз қалған адам мемлекеттен көмек алу үшін не істеу керек

Жұмысынан айырылған азаматтар мемлекеттен жәрдемақыны толығымен онлайн түрде рәсімдей алады. Бар болғаны бірнеше қадамды орындау жеткілікті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Онлайн рәсімдеу тәртібі
Жұмысынан айырылған азамат төлем алу үшін мына қадамдарды орындауы керек:
– eGov.kz порталына кіріп, жеке кабинетке кіру (авторизациялану);
– «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
– онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
– бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
– егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).
Өтінішті eGov.kz порталы немесе enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы беруге болады. Жұмыс табылмаған жағдайда үш жұмыс күні ішінде азаматқа «жұмыссыз» мәртебесі беріледі, ал төлем SMS арқылы келісімнен кейін автоматты түрде тағайындалады.
Айта кетейік, осыған дейін жұмыссыз жүргендерге бюджеттен 106,8 млрд теңге төленгені жайлы хабарланған болатын.