Аймағамбетов: заң құрылыс компаниясын емес, азаматтарды қорғауға тиіс

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов сапасыз құрылыс үшін қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсыныстың Құрылыс кодексі жобасына енбей қалғанына қынжылды. Тағы қандай өтініш маңызды заңнан тыс қалғанын экс-министр телеграм-арнасына жазды.
«Өкінішке қарай, Құрылыс кодексінің жобасына берген біздің маңызды түзетулеріміздің басым бөлігі қабылданған жоқ. Алда небәрі бірнеше жұмыс тобы ғана қалды- уақыт өте аз», – деп жазды депутат.
Бұрын үкімет құрамында болып, білім министрі портфелін біраз жыл ұстаған, қазір парламентте отырған Аймағамбетов «әр азамат үшін қажет мәселелер» заңнан тыс қалғанын баяндап өтті. Олар:
- мектептер мен балабақшалар тұрғын үйлерден кейін емес, бірге салынуы тиіс;
- геологиялық зерттеулер шынайы болуы керек, «сатып алынған» жалған қорытындылар емес;
- мектеп пен ауруханаға арналған жерді қорғау, олардың орнына түнгі клуб немесе дүкен салуға жол бермеу;
- құрылысшылардың нақты жауапкершілігі болуы тиіс, қағаз жүзіндегі жалған меморандумдар емес;
- әлеуметтік нысандарды қабылдау комиссияларына қоғам өкілдері қатысуы тиіс;
- сапасыз құрылыс үшін нақты және қатаң айыппұлдар, қажет болса – қылмыстық жауапкершілік енгізілуі қажет.
Депутат кодекс жобасын осы күйінде, яғни жоғарыдағы ұсыныстарсыз «қабылдауға болмайды» деп есептейді.
«Заң құрылыс компаниясын емес, адамдарды қорғауы керек. Елде құрылыс компанияларының мүддесін қорғайтындар тым көп сияқты», – деп түйіндеді Аймағамбетов.
Бұған дейін көпқабатты үйдегі терезеге қауіпсіздік құлпын орнату мәселесі заңнамаға енгізілетіні мәлім болған. Парламенттің төменгі палатасы Құрылыс кодексі жобасын екінші оқылымда қарайды.