
АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Майк Помпео қашыққа ұшатын дрон мен зымыран шығаратын Fire Point украин компаниясының кеңесіне мүше болды. Бұл туралы AP хабарлады.
Ақпарат агенттігіне мәліметті компанияның техникалық директоры Ирина Терех берген.
«Үлкен құрмет. Ірі халықаралық компанияға айналған соң, біз ең үздік корпоратив стандарттары талаптарын сақтауды жөн көрдік», – деп түсіндірді топ-менеджер.
Компанияның директорлар кеңесіне Помпеодан бөлек тағы үш адам кіреді. Алайда олардың аты-жөні аталмады.
AP мәліметінше, қанатты зымырандар шығаратын компания өндіріс қарқынын арттырып жатыр. Биыл Fire Point табысы 1 млрд долларға жеткен. Компания Данияда зымыран отынын өндіретін зауыт тұрғызып жатыр.
The New York Times мәліметінше, 2022 жылғы ақпанда Ресей мен Украина соғысы басталардан бұрын Fire Point кино мен телеөндіріске арналған кастинг агенттігі болып тіркелген.
Майк Помпео 2018-2021 жылдары мемлекеттік хатшы қызметін атқарған. Оның алдында Орталық барлау қызметін басқарған. 2023 жылғы қарашада ол «Киевстар» украин байланыс операторы директорлар кеңесінің құрамына кірген.