Жаңалықтар

Асаубаева бастаған шахматшы қыздар әлем біріншілігінде ел намысын қорғайды

Әлем чемпионатының ресми афишасында Бибісара Асаубаева да бар / фото: worldwomenteams2025.fide.com
Әлем чемпионатының ресми афишасында Бибісара Асаубаева да бар / фото: worldwomenteams2025.fide.com

18 қараша, сейсенбі күні Испанияның Линарес қаласында шахматшы қыздар командалары арасында әлем чемпионаты басталады. Біріншілікке Бибісара Асаубаева бастаған Қазақстан құрамасы да қатысады.

Бір аптаға созылатын дүбірлі жарысқа әлемнің ең үздік 12 командасы шақырту алды. Биыл олар екі топта жарысады.

  • A тобы: Қазақстан, FIDE Team (Ресей), АҚШ, Әзербайжан, Испания, Перу.
  • B тобы: Қытай, Грузия, Украина, Франция, Өзбекстан, Үндістан.

Әр топтан алғашқы төрт команда плей-офф кезеңіне өтеді.

Ұлттық құрамадағы алты шахматшы ел намысын қорғайды. Олар:

  • Бибісара Асаубаева
  • Ксения Балабаева
  • Меруерт Камалиденова
  • Зарина Нұрғалиева
  • Лия Құрманғалиева
  • Елназ Қалиахмет

Бас бапкер – Павел Коцур.

Қазақстан қыздар командасы екі жыл бұрынғы әлем чемпионатында екінші орын алса, 2024 жылы Шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері атанған.

Қазір шахматшылар арасында Әлем кубогы өтіп жатыр. Шахматшы жігіттер ірі турнирдің шешуші кезеңдеріне өте алмады.

Қарашаның басында шахматшы оқушылар Азия біріншілігінде 10 алтын жеңіп алды.