«Казино жарнамалаған»: блогер Mellstroy-ді не үшін іздестіріп жатқаны мәлім болды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
mellstroy блогер
фото: instagram.com/mellstroy

Блогер Mellstroy-ға қатысты тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізеді. Құзырлы мекеме 17 қарашада қылмыстық іске қатысты мәлімет таратты.

Агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті Беларусь азаматы, «Mellstroy» лақап атымен танымал блогер Андрей Буримге халықаралық іздеу жариялаған. Сот 37 жастағы күдіктіге «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданған.

Бұған қоса, блогерді не себепті іздестіріп жатқаны мәлім болды.

«Ол әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан пайдаланушыларын да нысанаға алған онлайн-казино «Mellstroy.game» платформасын заңсыз ілгерілету мақсатында ауқымды жарнамалық науқан ұйымдастырды деген күдікке ілінді», – деп таратты агенттік.

Құзырлы мекеме дерегінше, «онлайн-казиноны жарнамалау үшін блогер әртүрлі ұтыс ойындар мен челлендждер ұйымдастырған».

«Қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және басқа да әлеуметтік желілерде Mellstroy.game атауын, казино логотиптерін және сайт сілтемелерін көрсететін видеолар түсіру ұсынылған».

Аггенттік бұған дейін Бурим Ресейде тікелей эфир кезінде бір адамды ұрып-соққаны үшін жауапкершілікке тартылғанын да ескертіп өтті.

Сонымен бірге 2025 жылғы қарашада Минск қалалық соты блогердің барлық платформалардағы арналары мен оның логотиптерін «экстремистік материалдар» деп таныған.

Құзырлы мекеме күдікті туралы мәлімет үшін сыйақы тағайындалғанын хабарлады.

Қазақстан заңнамасында құмар ойындарды жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Бұған қоса, заңсыз ойын бизнесіне сыбайлас болу және жәрдемдесу фактілері үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда блогер Mellstroy-ге іздеу жарияланғаны бір күн бұрын мәлім болған. Ақпарат Бас прокуратура порталында жарияланған.

Сондай-ақ оқыңыз