Қуаңшылыққа тап болған Иран қолдан жаңбыр жауғызуға көшті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Иран Урмия көлі қуаңшылық
Иранда қуаңшылықтан Урмия көлі тартылып қалды / фото: shutterstock

Иран билігі кейінгі 50 жылдағы ең ірі қуаңшылықты жеңу үшін қолдан жаңбыр жаудыру әдісіне көшті. Бұл туралы CNN телеарнасы IRNA агенттігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Иран метеорология ұйымы бүкіл ел аумағында жаңбыр шамамен 89%-ға азайғанын мәлімдеген. Кейінгі жарты ғасырда мұндай қуаңшылық болмаған.

IRNA мәліметінше, қолдан жаңбыр жауғызу операциясы ұшақтардың көмегімен жүргізілді. Олар елдің солтүстік-батысында орналасқан Урмия көлі аумағына жасанды жаңбыр жауғызуға тырысты.

Иранда мұндай әдіс баяғыдан қолданылады. Жаңбыр жауғызу үшін бұлттарға химиялық зат шашылады. Соның көмегімен ылғал жаңбыр түрінде жерге түседі.

Азиядағы бұл ел қатарынан бес жыл бойы қуаңшылық зардабын тартып келеді. Соған байланысты елдегі ірі көлдер мен өзендер тартылып жатыр. Тұрғындар суды мейлінше үнемдеуге тырысады.

Жиырма жыл бұрын Урмия Таяу Шығыстағы ең ірі көл еді. Тұзды көлге туристер көп келетін. Жергілікті экономика қонақ үйлер мен мейрамханалар арқасында гүлденген. Енді мұндағы қайықтар қайраңда қалды. Климаттың өзгеруі де жағдайды одан бетер қиындатып жіберді.

Иранда ауыз су тапшы. Ел астанасы Тегеранда да жағдай мәз емес. Жексенбі күні Press TV иран телеарнасы осылай деп хабар таратқан.

Ұлттық зерттеулер орталығының басшысы Мохаммад Мехди Жавадиан-Заденің айтуынша, қолдан жаңбыр жауғызу операциясы мамырдың ортасына дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз