
Жаңа жылдан бастап елдегі банктер жеке тұлғаның шотына түскен ақша туралы мәліметті салықшыларға жеткізіп отырады. Қаржы министрі Мәди Такиев осындай бұйрыққа қол қойды.
Жаңа тәртіп туралы
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енетін жаңа тәртіпке сәйкес, екінші деңгейлі банктер жеке және заңды тұлғалардың шотына түскен ақша туралы мәліметті мемлекеттік кірістер органына жолдап отыруға міндетті. Бұған қоса, банктер жеке тұлға алған кредит туралы ақпаратты да салықшыларға тапсырады.
2025 жылғы 12 қарашада қабылданған бұйрықта банктер ел азаматтарының табысы мен мүлкі туралы деректерді де береді.
Сонымен бірге банктер әр азаматтың кәсіптен түскен ақшасы жөнінде мәлімет жолдап отыруы тиіс. Кәсіптен түскен қаражатқа не жататыны жыл бойы талқыланып келді. Шенеуніктер 100 немесе одан көп ақша аударымы үш айда 1 млн теңгеден асып кетсе, оны табысқа жатқызу керек деп шешкен. Ереже 2026 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енетін жаңа Салық кодексінде бар.
Енді азаматтардың банк шоттарына түскен ақшалардың жалпы көлемі есептеліп отырады. Банктер мұндай ақпаратты кірістер комитетіне тоқсан сайын тапсырып отыруға міндетті.
Қарапайым мысал
Мәселен, Сіз жеке кәсіпкер ретінде тіркелмедіңіз, бірақ жолаушыларға такси қызметін көрсетіп жүрсіз. Бір айда орташа есеппен 300 сапар жасап, шотыңызға осыншама рет ақша түсті делік. Әр сапардың орташа құны 1 500 теңге болса, үш айда 1 млн теңгеден астам кіріс кіреді.
Жаңа жылдан бастан банктер оны салықшыларға жеткізіп, кіріс комитетіндегілер әлгі қаражатты кәсіпкер табысына жатқызады. Сол кезде Сізге салық төлеуге тура келеді. Салықшылар ескерту жасап, айыппұл салады.
Бұған дейін Kursiv.Media жаңа жылдан бастап Red Bull, Gorilla, Dizzy және басқа да сусын күрт қымбаттайтынын жазған. Сонымен бірге, жаңа Салық кодексі қолданысқа енген соң, Қазақстанда темекі 2 мың теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.