Ойыншықтарды баланың жасына қарай қалай дұрыс таңдау керек

Жарияланды 17 Қараша 2025 17:05

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Фото: shutterstock.com

Ойыншық деген жалтыр-жұлтыр, түрлі дыбыс шығаратын зат қана емес. Оның функциясы бұдан әлдеқайда тереңірек. Себебі ми, моторика және қиялды дамытуға таптырмайтын көмекші құрал. Бала ойнаған кезде әлемді тани түседі, ойланып, сезініп, шешім қабылдап үйренеді. Сондықтан ойыншық таңдауға бей-жай қарауға болмайды. Баланың жасына байланысты алу керек ойыншық түрлері де өзгеріп отырады. Олай болса, Kursiv.Media тілшісі балалардың ақылды да ширақ болып өсуіне көмектесетін ойыншықтарға шолу дайындады.

0–1 жас аралығында: фактуралар мен дыбыстармен танысатын кезең

Сәби енді өмірге келген уақыттан-ақ осынау жарық ғаламмен алғашқы таныстығы басталып кетеді. Оған көзіне көрініп, құлағына естіліп тұрған дүниенің бәрі қызық. Біртіндеп қолымен ұстап, фактураларды сезе бастайды. Міне, осындай әрекеттер арқылы оның миы да белсенді жұмыс істейді.

  • Сылдырмақ — мұны нағыз классика десек болады. Себебі аналардың да, балалы үйге келген қонақтардың да ойына бірден келетін ойыншық – осы. Неше түрлі дыбыс шығаратын сылдырмақ көңіл көтеріп, назар аудартып қана қоймай, түгел бір нейроғылымға негізделген ойыншық. Себебі онымен ойнаған бала сылдырлатқан сайын дыбыс шыққанын қызық көріп, реакция танытады. Миына «қазір мына ойыншықты сілкігенде дыбыс шығады» деген сигнал барады. Осылайша баланың санасында себеп пен салдар туралы алғашқы түсінік қалыптаса бастайды. «Жасқа толмаған балада қайдағы сана, қайдағы түсінік» деп бей-жай қарамаңыз. Бәрі осындай қадамдардан бастау алады.  
  • Жұмсақ кітапшалар мен текстурасы әртүрлі кілемшелер. Бұл баланың сезу қабілетін өте жақсы дамытатын ойыншық түрлері. Әсіресе, қазір жұмсақ кітапшаның түр-түрі бар. Мысалы жануарлар туралы кітап болса, ішінде жұмсақ, қатты, тегіс, бұдыр дегендей сан-қилы текстура болады. Кілемшелер де солай: бала аяқпен басқан сайын қызыға түседі. Саусақ пен аяқ арқылы текстураларды сезінген кезде мида белсенді түрде нейрон байланыстары түзіледі. Ал оның бала дамуына қосатын үлесі орасан зор.
  • Карточкалар (әсіресе, үлкен-үлкен суреттері бар, ақ-қара карточкалар жақсы) арқылы баланың көру сезімі дамиды. Ол ақпаратты қабылдап үйренеді. Сәбилерге бастапқыда түрлі-түсті карталардан гөрі ақ-қарасын алып берген дұрыс. Себебі алғашқы айларда сәбилер осы екі түсті өте жақсы көре алады. Осылайша көзін тоқтатып, фокус қойып үйренеді. Кейін біртіндеп түрлі-түсті карточкаларға ауыса бересіз.

Ойыншықтың осы түрлері бір жасқа толмаған балаларға өте пайдалы. Неғұрлым әр түрлі сезім сыйлайтын текстура, дыбыс, фактура көп болса, балаңыздың миы соғұрлым жақсырақ жұмыс істейді. Дегенмен солай екен деп үйді ойыншыққа толтыруға әуес болмаңыз. Одан үй тез шашылып қана қоймай, баланың фокусына да зиян болады. Сол себепті ең жақсы, сапалы деген 3-4 ойыншық алып берсеңіз жетіп жатыр. Баланың қайсы ойыншыққа қызығатынын өзіңіз де байқайсыз. Соған қарай таңдап, сұрыптап қойыңыз.

1–3 жас аралығында: алғашқы эксперименттер басталатын уақыт

Бала негізі табиғатынан айналаны тануға құмар келеді. Әсіресе, бір жастан асқан шақта барлық нәрсені қолына ұстап, аузына салып көретін қылық шығарады. Сондықтан бұл уақытта баланы танып білуге, зерттеуге қызықтыра түсетін ойыншықтар таңдаған абзал болады.

  • Пирамидалар, шаршы ойыншықтар. Бір-бірінің үстіне қойып ойнайтын бұл ойыншықтар арқылы бала қалып, пішіндермен танысып қана қоймай, құрастыруды үйренеді. Әсіресе, мұнара құрастырғанда дұрыс қоймаса құлап қалатынын көрген бала біртіндеп анализ жасап, қайткенде құламайтынын түсінеді. Қайта-қайта талпыну арқылы ерік-жігері дами түседі.
  • Сортерлер. Қазір дүкендерден сортердің түр-түрін кездестіресіз. Мұндағы басты мақсат – тесіктерге тиісті фигураларды салу. Өте керемет дамытатын ойыншық. Себебі сол арқылы балаңыз назар салуды үйреніп, көз және моторика координациясын дамытады. Яғни үшбұрыш тесіктің ішіне төртбұрыш сыймайтындықтан, фигуралардың ішінен дәл үшбұрыш қайсысы екенін таниды. Қалып пен түстерді де осылайша үйрене алады. Өзіңіз де «жасыл дөңгелек қайда» деп сұрап, қалыптар мен түстерді айтып отырасыз. Кішкентайынан біліп, естіп өссе онысы жазу-сызу үйренгенде де көмектеседі. 
  • Балаларға арналған музыкалық аспаптар. Соның ішінде ксилофон, барабан, маракаса, пианино балаларға өте қызық болады. Ритм мен дыбыстарды естіген сайын бала біртіндеп ырғақты ұға бастайды. Әрі музыкаға жақын болса, эмпатиясы да жоғары бола түседі. Сондықтан бір үйде кемінде бір-екі аспап болса, құба-құп.

Бастысы осы жастағы балалар неғұрлым көп қозғалғаны жақсы. Құрастырып, лақтырып, жинауға болатын, сүйрейтін ойыншықтар алыңыз. Жай қарап отыратын, жарқыл-жұрқылы көп, ән айтатын ойыншықтардың пайдасы шамалы.

3–6 жас аралығында: қиялға ерік беретін кез

Үш жастан асқанда баланың өмірі құдды театрға айналғандай болып өзгереді. Өйткені ол неше түрлі ойға шомып, ойдан оқиға құрастыра бастайды. Миы нағыз шығармашылық генератор секілді істейді.

  • Құрастырғыштар. Қазір нарықта әр жасқа лайық LEGO-дан бастап, магнит жиынтықтың неше атасы бар. Баланың қызығушылығына қарай үй, машина, робот құрастыратын түрлерін алсаңыз болады. Құрастырған кезде бала қиялына жан бітіріп, логикасын іске қосады.
  • Пластилин, кинетикалық құм, мозаика. Бұлар баланың ұсақ моторикасын дамытуға көмектеседі. Ал ол болса, тілдің тез шығуына әсер етеді. Себебі баланың саусағын қимылдатқаны мидағы тиісті орталықпен тікелей байланысты. Сол арқылы сөйлеуді үйренеді. Оған қоса эмоциясын шығаруға да таптырмайтын амал.
  • Қуыршақ, ойыншық асүй, гараж. Өмірде болатын жағдайларды ойын түрінде істеп үйренеді. Тұрмыстық шаруаларды шынымен атқарғандай рөл ойнайды. Қамқор болуды, бауырмалдық пен жауапкершілікті сезінеді.
  • Үстел ойындары. Баланың назары мен жадын дамыту үшін «Мемори», «Лото» сияқты ойындарды ойнасаңыздар болады. Өзіңіз де ішіне кіріп кетесіз.

Баланы бір қалыпқа салып, сценарий бойынша ойна деп қинамаңыз. Өзі білсін, ойлап тапсын. Креатив ойлау қабілеті осылай қалыптасады.

6–10 жас аралығында: логика мен концентрация дамитын шақ

Алты жасқа келгенде бала мектепке дайындала бастайды. Сондықтан олар бос ойын емес, мәнді дүниемен айналысқанды жақсы көреді. Яғни ойыншық көңіл көтеріп қана қоймай, жаңа дүние үйретуге тиіс.

  • Басқатырғылар мен үстел ойындары. Жады мен шыдам, ерік-жігерді дамытуға көмектеседі. Әсіресе, шахмет, пазл, лабиринттер жақсы. Мұнда бала әр қадамын жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, шешім қабылдауды үйренеді.
  • Тәжірибе жасайтын жиынтықтар. Өзін ғалым сезініп көруге жақсы тәсіл. Мысалы өзі қолдан кристал өсіріп көрсе, кішірігім вулкан жасаса бұл тәжірибелер оған қызық болатыны анық.
  • Техникалық құрастырғыштар. Инженерлік қабілетті дамытатын ойыншықтар осы жаста аса қажет. Механизмін үйрену арқылы бала ғылым мен технологияға қызыға бастайды. Бастысы, егер балада қызығушылық болмаса, қинамаңыз да, ренжімеңіз де. Әр бала әртүрлі болады.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін баласын жұлдыз еткен ата-аналар туралы жазған едік.

.

Сондай-ақ оқыңыз