
Астанада 48 мыңнан аса бала тұмаумен ауырып жатыр. Бұл туралы қаланың Санитарлық‑эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева тұмау мен ЖРВИ-ге қатысты бирифинг барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, эпидемиялық маусым басталғалы Астанада 82 520 ЖРВИ жағдайы тіркелген, бұл былтырғы көрсеткіштен 6% жоғары.
«14 жасқа дейінгі балалар арасында 48 074 жағдай анықталды. Соңғы аптада 23 002 жағдай тіркелді, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,5 есе өскен. Тұмау және ЖРВИ диагнозымен 1 жасқа дейінгі 577 бала мен 190 жүкті әйел ауруханаға жатқызылды. Зертханалық мониторинг аясында ЖРВИ мен тұмауға шалдыққан науқастардан алынған 285 сынама тексерілді, оның 116-сы оң нәтиже көрсетті. Бұл – A(H3N2) тұмау вирусы. Сонымен қатар алты Covid-19 жағдайы анықталды», – деді спикер.
Айгүл Шағалтаева A(H3N2) немесе «Гонконг тұмауы» деп аталатын тұмау штамы алғаш рет 1968 жылы анықталғанын және тұмау вирусының маусымдық А түрінің бір түрі саналатынын айтады. Бұл жаңа штамм емес, жыл сайын қайталанатын белгілі вирус.
Қазір елде эпидмаусым басталды, көпшілік арасында тұмаумен ауырғандар көбейді. Мұндай кезде оқушылар онлайнға шыға ма? Оған елдің Бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова жауап берген болатын. Ол аурушаңдық 30%-дан асып кетсе ғана онлайн форматқа ауысады деп кесіп айтты.