«Ақтөбе» футбол клубы жаңа инвестор тапты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ақтөбе
коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Qazaq Stroy компаниясының иесі, кәсіпкер Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

«Клубты дамытуға қажет инвестиция көлемі мен ұйымдастырушылық мәселелер 2026 жылдың қаңтарында талқыланады», – деп хабарлады Qazaq Stroy.

Нұрлан Артықбаев Алматы мен Астанада тұрғын үй кешендерін салумен айналысатын Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаушы және мажоритар иесі. 2025 жылдың мамырында алғаш рет Forbes Kazakhstan тізіміне енді: елдегі 75 ең бай бизнесменнің ішінде 44-орынға тұрақтады. Басылым оның байлығын 228 млн доллар деп бағалаған.

Qazaq Stroy компаниясы да биыл Forbes рейтингтеріне алғаш рет кірді. Компания Қазақстандағы ең ірі 75 компанияның қатарынан табылып, 14-орынды иеленді. 2024 жылғы қорытынды бойынша компанияның табысы 313,9 млрд теңге, ал таза пайдасы 45,7 млрд теңге болған.

Клубты жекешелендіру процесі

2025 жылдың қараша айының басында «Ақтөбе» футбол клубын жекешелендіру жоспарланып жатқаны белгілі болған еді. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров шешімнің жылдың соңына дейін қабылданатынын айтқан, алайда сол кезде әлеуетті инвестордың аты-жөні жарияланбаған болатын.

Қазақстан клубтарын жекешелендіру үрдісі

Еске сала кетейік, «Ақтөбе» клубынан бөлек, Қазақстанның өзге де футбол клубтарында жекешелендіру жүріп жатыр.

Петропавлдың «Қызыл-Жар» клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болғаны бұған дейін белгілі болды. Клубты қаржыландыру облыс әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады. Спорттық бренд, инфрақұрылым және клуб активтерін беру туралы келісімдер жасалған.

«Қайсар» футбол клубы да жеке басқаруға берілді. Клуб академиясын және инфрақұрылымды дамыту үшін 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарланып отыр. Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе болса астаналық «Жеңіс» футбол клубын сатып алды.

Президент тапсырмасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіру жұмысын жеделдету қажет екенін атап өткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз