
24 қарашадан бастап азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу рәсіміне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Қызмет енді тек онлайн форматта – eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетіледі.
Тұрғылықты жері бойынша онлайн-тіркеуден өту үшін пайдаланушыға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және оның жеке кабинетіне тіркелген телефон нөмірі қажет болады.
eGov.kz порталы арқылы қызметті қалай алуға болады:
- Порталда авторизациядан өтіңіз және мына бөлімге кіріңіз:
- Азаматтарға → Азаматтық, миграция және иммиграция → Тұрғылықты жері бойынша тіркеу.
- «Онлайн сұрау» батырмасын басыңыз.
- Электрондық өтінімді толтырып, ЭЦҚ немесе бір реттік SMS-код арқылы қол қойыңыз.
- Қызмет нәтижесін жеке кабинеттен көруге болады. Өтінімнің өңделу мәртебесі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде көрсетіледі.
Сондай-ақ азаматтар бұл қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында онлайн рәсімдей алады.
Сонымен қатар мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйде тұратын азаматтарға қатысты да жаңартулар енгізілді. Енді мұндай үйдің жалға алушысы шартта көрсетілген тұлғаларды тұрғылықты жері бойынша тіркей алады. Егер өтініш беруші жалдау шартындағы тізімде болмаса, жүйе өтінішті автоматты түрде қайтарады.
Бұған дейін eGov.kz порталында авторизациялау тәртібі өзгерді. Бұдан былай электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы бірінші кезеңде жүйеге кіргеннен кейін пайдаланушы өзінің жеке басын 1414 нөмірінен келетін SMS-код арқылы қосымша растауы қажет.
Енді автокөлікті тіркеуде онлайн іске асады. Бір ай бұрын eGov.kz порталында пилоттық жоба іске қосылды.