Түркістан облысындағы 12 адамның қазасына қатысты қосымша ақпарат шықты

Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйде екі отбасы болған. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жазды.
Зәкиева тоғыз баланың қазасына қатысты жазба жариялап, қайғылы жағдайдың себебін жариялады.
«Үйде екі отбасы – ата-анасы мен балалары болған. Өрт шығып, шатыр опырылып түскен», – деп жазды Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Айтуынша, өңірдегі уәкіл психологиялық қолдау орталығы мамандарымен бірге оқиға орнына бара жатыр.
Комиссия құрылды
Үкіметтің хабарлауынша, өрттің себептерін тергеу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Оған премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық етеді.
Комиссия құрамына төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы кірді.
«Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Әкімдікке өрт салдарынан қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыруға жәрдемдесу тапсырылды», – делінген ақпаратта.
12 адам қаза тапты
18 қараша таңертең Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйден 12 адамның мәйіті табылды. Үш адам ауруханаға жеткізілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм болғандардың туыстарына көңіл айтты.
Түркістан облысы полициясы «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.