«Қайрат» алдағы матчтардың билет бағасын арзандатты

«Қайрат» футбол клубы УЕФА-мен бірлесіп, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі екі маңызды матчты Алматыдан Астанаға көшіру туралы шешім қабылдады.
Енді команданың «Олимпиакосқа» қарсы 9 желтоқсандағы, сондай-ақ «Брюггемен» 20 қаңтардағы үй ойындары «Астана Арена» стадионында өтеді.
Клуб мәліметінше, Алматыдағы Орталық стадионда қыста матч өткізу тәжірибесі жанкүйерлерге де, қызметкерлерге де бірқатар қиындық тудырған. Ауа температурасының төмен болуы, стадионда шатырдың болмауы және қар жауу қаупі жанкүйерлердің жайлылығына кері әсер етеді. Осыған байланысты қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз ету үшін ойындарды жабық аренға көшіру шешімі қабылданды.
Билеттердің бағасы 15 000 – 50 000 теңге аралығында болады. Сату 28 қарашадан бастап Qairat SuperApp және Freedom SuperApp мобильді қосымшаларында басталады. Бір жанкүйер екі билеттен артық сатып ала алмайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қайраттың» Алматыдағы өткен ойындарға билеттер бағасы 30 мың теңгеден басталып 250 мың теңгеге дейін сатылған еді. Сондай-ақ, бұған дейін Лондонда өтетін «Арсенал» – «Қайрат» билеттерінің бағасын да жазған едік.