Қазақстанда курьерлер күрт көбейді

Биыл 1 қарашада елде «дайын тағамды жеткізу» қызметі бойынша яғни курьер ретінде 11,3 мың жеке кәсіпкер тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 60% көп және 2018 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, соңғы жеті жылда бірде-бір рет жылдық төмендеу тіркелмеген. Курьерлердің күрт көбейген уақыты 2020–2022 жылдары байқалды, орташа жылдық өсім – 62,1%. Оған пандемия, онлайн-сервистердің дамуы себеп болды.
Қазір ол жылдардағыдай қарқынды емес. Дегенмен жыл сайын курьерлер саны кемінде 14,8% артып отыр. Басым бөлігі Алматы және Астанада тіркелген.
Курьерлердің күрт көбеюіне платформалық жұмыспен қамтуды дамытуға бағытталған мемлекеттік шаралар әсер етті. Еңбек министрлігі 2023 жылдың соңында Yandex компаниясымен бірлесіп, платформалық жұмыспен қамтуды енгізген. Ол жобаға 90 мың адам қатысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдың сөзінше, қазір елде миллионға жуық адам сайт, маркетплейс тәрізді цифрлық платформалардан табыс табады. Ведомство оларды әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тартуға тырысып жатыр.