
Астанада басына кондиционер құлап, ауыр жарақат алып, қайтыс болған 23 жастағы марқұм Ұлдана Қалдарханқызы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Ақорда ақпаратына сүйенсек, Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшерін марапаттау туралы жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.
«Қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Астана қаласы әкімдігінің Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы жолдамалы бригадасының фельдшері Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан (марқұм) «Ерлігі үшін» медалімен наградталсын», – делінген жарлықта.
Еске салайық, 8 қараша күні Астанадағы тұрғын үйдің қасбеті құлаған. Сол кезде көмекке келген екі фельдшердің басына кондиционер құлап, жалпы 5 адам жарақат алған. Екі фельдшер ауыр жағдайда ауруханаға түскен. 18 қарашада Ұлдана Қалдырханқызының қайтыс болғаны белгілі болған.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов фельдшердің әрекетін ерлік деп бағалады.