2026 жылдан бастап қытай көлігін елге жеткізу қиындап, қымбаттай түседі

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қытай билігі автомобиль экспортының жаңа ережелерін қолданысқа енгізеді. Көрші елдің сауда министрлігі жариялаған құжат шетелге жөнелтіліп жатқан көліктерді бақылауды күшейтеді. Мұндай шешім Қазақстан нарығына да әсер етеді, өйткені елде көп адам көлікті Қытайдан мейлінше тиімді бағаға сатып алғысы келеді.
Жаңа жылдан бастап не өзгереді
Қытай билігі жаңа ереже енгізді. Енді тіркеуден өткеніне 180 күнге толмаған «су жаңа» көліктерді өндірушінің арнайы рұқсатынсыз экспорттауға тыйым салынады. Хатта автомобиль жеткізілетін ел және онда сервис орталықтарының бар-жоғы көрсетілуі тиіс. Мұндай шара қара жаңа көліктерді «ескі» деген желеумен шетелге шығарып жатқандарды тежеу мақсатында қабылданған.
Мәліметтерге қарағанда, осындай әдісті ұсақ импорттаушылар көлікті Қазақстан, Ресей секілді ТМД елдеріне жеткізу үшін пайдаланып жүр.
Бейжің талабы
Енді Қытайдан көлік сатып алғысы келетіндер жарты жыл күтеді, не зауыттан арнайы рұқсат алады. Соған байланысты шығын көбейеді. Бұған қоса, көп уақыт кетеді.
Бейжің бақылауды да күшейтіп отыр. Экспортқа шығатын көлік туралы мәлімет тіркеу деректерімен 100% сәйкес болуға тиіс. Қате жіберген немесе жалған құжат жасаған компаниялар экспорт құқығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен бірге қызмет көрсетуге қатысты талаптар күшейтіледі. Тауар экспорттаушы автокөлік жөнелтілетін елде қосалқы бөлшектер мен техникалық қолдаудың болуын қамтамасыз етуі міндетті.
Жаңа тәртіп саудаға қалай әсер етеді?
Мамандар 1 қаңтардан кейін заңсыз жолдармен көлік жеткізу көрсеткіші азаяды деп болжайды. Соның арқасында нарық реттеле түседі. Ресми автомобиль импорттаушылар күшейеді. Шағын компаниялар шығынға батуы ғажап емес.
Осы ережелер шынымен аса икемді экспорт дәуірін аяқтайды. Оның орнына қатаң бақылау, міндетті сервис, адал әрі заңды жүйе орнайды.
Әлбетте, Қазақстан азаматтары үшін қытай көлігін бұрынғыдай тез, арзан бағаға сатып алу қиындай түседі.
Қазір Қытай нарығында Zeekr шығаратын Geely компаниясы алда келеді. Ол үшінші тоқсандағы табыс көрсеткіші жөнінен BYD мен Xiaomi-ді басып озды.
Бір ай бұрын ғана қытай компаниясы көліктерін Алматыдағы зауытта құрастыратыны мәлім болған. Ал қарашаның басында қытай электрокары ел аумағында шығарыла бастайтыны жарияланған.