БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Трамптың Газаға қатысты жоспарын мақұлдады

17 қарашада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдер АҚШ-тың Газа секторындағы жанжалды реттеуге қатысты жоспарын мақұлдады. Кеңестің 15 мүшесінің 13-і қарарды қолдаса, Қытай мен Ресей қалыс қалды.
Таяу Шығыстағы жанжалды реттеу жобасын ұсынған АҚШ президенті Дональд Трамп бүкіл әлемді БҰҰ-ның осы шешімімен құттықтап үлгерді. Қарар «Бейбітшілік кеңесін» құруды көздейді. Трамп соны басқаратынын растады. Оның құрамына «бүкіл әлемдегі ықпалды, сыйлы жетекшілері» кіреді дейді Ақ үй басшысы. Құрама Штаттары президенті кеңес құрамы жақында жарияланатынын айтты.
Бейбітшілік кеңесі 2027 жылдың аяғына дейін жұмыс істейді. Ол ХАМАС пен басқа да топтарды қарусыздандыру мен Газа секторын қалпына келтіруді бақылайды. Қарарда Палестина мемлекетін құру туралы да айтылған, бірақ нақты мерзімі көрсетілмеген.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Майкл Уолцтің мәлімдеуінше, Газа секторында қуатты бітімгер коалициясы орналасады. Олардың арасында Индонезия, Әзербайжан секілді мұсылман елдері көп, дейді саясаткер. Бітімгер күштер Газа қалаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, бейбіт тұрғындарды қорғайды. Олар гуманитарлық көмектің жеткізілуін де бақылайды.
Осының алдында БҰҰ өкілі Газа секторын қалпына келтіруге 70 млрд доллар керек екенін айтқан. Израиль мен Палестина арасында екі жылға созылған соғыс барысында сектордағы үйлер мен ғимараттар кем дегенде 55 млн тонна үйіндіге айналған.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қазанның басында Израиль мен ХАМАС атысты доғаруға келісті. 10 қазанда Израиль үкіметі бейбіт келісімді мақұлдады. Халық қантөгістің тоқтағанын тойлауға кірісіп кетті. Ал 13 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимге ұшып барып, «соғыс аяқталды» деп мәлімдеді. Сол күні Құрама Штаттар, Түркия, Мысыр мен Қатар декларацияға қол қойды.
Израиль армиясының Газа секторына шабуылдарынан 67 мыңнан астам палестиналық қаза тапты. Шамамен 193 мың ғимарат қирады немесе зақымданды. Олардың арасында жүздеген аурухана мен мектеп бар.