Қамшыбек Тәшиев футболшыларды балағаттаған бапкерді жұмыстан шығарды

Қырғыз футбол одағының басшысы Қамшыбек Тәшиев футболшыларды балағаттай берген бапкерді қызметтен алды. Бұл туралы көрші елдің баспасөзі таратты.
«Мурас Юнайтед» қырғыз футбол клубының бапкері Сергей Пучков бір апта бұрын жұмыстан босаған. Алайда украин маманының командадан кету себебі енді ғана мәлім болып отыр.
«Мен Пучковты жұмыстан шығардым. Өйткені ол футболшыларды жаман сөздермен балағаттай береді. Өте қатты балағаттайды», – деп түсіндірді Тәшиев.
Саясаткердің мәлімдеуінше, бапкер қатты ашуға берілген уақытта ойыншылардың ар-ұжданына тиетін сөздер айтқан.
Тәшиев футбол матчтарына жас балалар да келетінін, сол себепті мұндай әдепсіз қылыққа орын жоқ екенін жеткізді.
Бұған қоса, футбол одағының басшысы өзін көпшілік алдында дұрыс ұстай алмайтындарға «Қырғызстанда жұмыс жоқ» деп мәлімдеді.
Сергей Пучков баптаған уақытта Манас қаласының «Мурас Юнайтед» клубы ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанып, Қырғызстан Кубогының финалына дейін жеткен.